Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханада 64 жастағы Анатолий Кузнецовтың тізе буынына күрделі ота сәтті жасалды. Ота ерекшелігі - науқастың жүрегі толықтай құрылғымен жұмыс істейді, яғни ол жасанды жүрекпен өмір сүріп жатыр.
Анатолий үнемі иығына салып жүретін қара сөмкесін көрсетіп, онда жүрек қызметін қамтамасыз ететін құрылғының батареялары сақталатынын айтты. Электр сымы киімінің астымен жүрек тұсына жалғанған — дәл сол жерде кішкентай компьютер орналасқан.
– Бұл құрылғы жүрек жұмысын бақылайды. Контроллер барлық ақпаратты жинап, өңдейді. Батареясы – шамамен бір келі, оны үнемі өзіммен алып жүрем. Үш жылдан бері солай өмір сүріп келемін. Бастысы – тірімін! – дейді Анатолий Кузнецов.
Ол 20 жылдан астам уақыт бойы жүрек ауруымен күресіп келеді. Инфаркт алып, бірнеше ауыр отадан өткен. 2022 жылы елордалық дәрігерлер оған аорталық қақпақшаның биопротезін және сол жақ қарыншаны қолдайтын имплант орнатқан. Бұл құрылғының дұрыс жұмыс істеуі үшін Анатолийге күн сайын жаяу жүру қажет. Бірақ тізе ауруы оған үлкен кедергі келтіріп келді.
– Дәрігерлер күн сайын 4 шақырым жаяу жүру керегін айтты. Бірақ оң жақ тізем қатты ауыратын. Бір жылдан астам уақыт бойы маған ота жасауға келісе алатын дәрігер іздедім. Көптеген клиника бас тартты. Тек №4 ауруханада травматолог Манарбек Ғазизұлы маған сенім білдіріп, ота жасауға келісті. Ол елордалық кардиологтармен бірге жұмыс істеді. Маусымның 19-ында ота жасалды. Қан кету қаупі жоғары болса да, бәрі жақсы өтті. Қазір жағдайым жақсы. Қозғала бастадым. Дәрігерлерге алғысым шексіз, – деді науқас.
Науқас ауруханаға бұрын орнатылған эндопротез компоненттерінің сыр беруіне байланысты жүгінген. Бұл жолы да дәрігерлер күрделі жағдайды сәтті еңсерді.
– Пациенттің қосымша аурулары көп болды: MyVal аорталық қақпақшасының биопротезі, жүрек жеткіліксіздігі, гипертензия, бауыр мен бүйрек жұмысында ақау. Ота алдында толық тексеру жүргізілді. Науқас АРҚТБ-де тәулік бойы бақылауда болды. Отадан кейінгі келесі күні оңалту басталып, бүгін үйіне шықты. Жағдайы жақсы, – деді эндопротездеу бөлімінің меңгерушісі Манарбек Аубакиров.
Ота жасауға жоғары санатты ортопед-дәрігер, травматология-ортопедия бөлімінің меңгерушісі М.Аубакиров жетекшілік етті. Анестезиологиялық сүйемелдеуді АРҚТБ меңгерушісі Ж.Дәулетбеков, ал емдеуші дәрігер қызметін ортопед-травматолог Ж.Орозхан атқарды.
Анатолийдің жұбайы Ольга Кузнецова да алғысын білдірді:
– Жасанды жүрекпен өмір сүру – өте күрделі. Суға түсе алмайды, тек сүртінеді. Күндіз – иығында сөмке, түнде – стационарлық құрылғыға жалғанады. Бір жарым жыл бойы тізесінің ауырғанынан азап шекті. Қозғалмай жатып қалған соң, көз алдымда қартая бастады. Ешкім ота жасауға батылы бармады. Тек 1% үміт болды. Бірақ біз сендік. Дәрігерлерге "Сіздерге сенеміз!" дедік. Мен күйеуімнің аман қалатынына сенімді болдым.
Бұл оқиға – аса жоғары қауіпке қарамастан алматылық мамандардың үйлесімді әрі кәсіби жұмысының жарқын мысалы.