Алматыдағы дүкен сөрелерінен 3,5 тоннаға жуық қауіпті өнім алынып тасталды

445

Анықталған бұзушылықтар фактілері бойынша 174 ұйғарым беріліп, 8 млн теңгеге айыппұл салынды. 

Алматыдағы дүкен сөрелерінен 3,5 тоннаға жуық қауіпті өнім алынып тасталды Фото: trts.info

Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті өнім қауіпсіздігін мониторингілеу шеңберінде бірқатар бұзушылықтар анықтады. Атап айтқанда, осы жылдың10 айында өнімдердің 2464 сынамасы, оның ішінде отандық өндірістен – 762 сынама (сатып алынған сынамалардың жалпы санының 30,9%), импорттық өндірістен 1596 сынама (64,7 %) зерттелді, деп жазады inbusiness.kz Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сайтына сілтеме жасап. 

Мониторинг барысында іріктелген 1333 сынаманың (54%) сәйкессіздігі анықталды. Отандық өнімдер бойынша сәйкессіздік көрсеткіші – 25,4%, ЕАЭО елдерінің өнімдері бойынша – 74,4%,  басқа елдердің өнімдері бойынша – 20,8%.

Сәйкессіздіктердің басым көпшілігінде (85,5%) таңбалау қағидаларының талаптарын бұзу байқалды. Оған тауар дайындаушының атауы мен орналасқан жерінің, мемлекеттік тілдегі ақпараттың, кеден одағына мүше елдердің нарығында өнім айналымының бірыңғай белгісінің, шығарылған күнінің болмауы, қаптаманың сәйкессіздігі жатады. Ал, сәйкессіздіктердің 11,6%-ы қауіпсіздіктің микробиологиялық көрсеткіштерінің үлесіне, 0,6% - физикалық-химиялық көрсеткіштердің сәйкессіздігіне тиесілі.

"Зерттелген сынамалардың жалпы санынан сәйкессіздіктер ет және балық өнімдерінде, құс етінде, сүт өнімдерінде, кондитерлік өнімдерде, май өнімдерінде, аспаздық өнімдерде, нан және нан-тоқаш өнімдерінде, көкөністерде, жемістерде  және т. б. анықталды. Анықталған бұзушылықтар фактілері бойынша 174 ұйғарым берілді. Жалпы сомасы 8 131 449 теңгеге айыппұл салынды, сондай-ақ3445,284 кг қауіпті өнім сатудан алынды", - деп жазылған хабарламада. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу