Алматыдағы ғимараттар жер сілкінісіне төтеп бере ала ма?

1218

ТЖМ Президенттің оңтүстік мегаполистегі сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырып жатырмыз деп сендіріп отыр.    

Алматыдағы ғимараттар жер сілкінісіне төтеп бере ала ма? Фото: Inbusiness.kz

Бұл туралы Төтенше жағдай министрі Шыңғыс Әрінов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

БАҚ өкілі жаңадан тағайындалған министрден "Алматыдағы үйлер жер сілкінісіне төтеп бере ала ма? Дайындықты қашан тексересіз?" деп сұрады.

"Президенттің нақты тапсырмасы болды. "Теориядан практикаға көшу керек" деп тапсырма қойды. Оның бәрін жүзеге асырып жатырмыз. Мен (жұмысымды) Астана қаласынан бастадым. Екі күн ішінде бүкіл өрт сөндіру бөлімшесін араладым. Жақын арада Алматыға барып, басқа өңірлерді аралаймын", - деп жауап берді министр.

Тілшілер ведомство басшысынан "Алматыға қашан бара аласыз?" деп нақтылады. 

"Графикке сәйкес осы ақпан айының аяғында барып қалуым мүмкін", - деп қысқа қайырды Шыңғыс Әрінов.

Төтенше жағдайлардың алдын алу департаменті бастығының орынбасары Алтай Мырзабаевтың сөзінше, 2023 жылы министрлік "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына бастамашылық жасады.

"Аталған құжат ТЖМ мен оның бөлімшелеріне сейсмикалық, сел, сырғыма, көшкін қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде қала құрылысы жобаларын келісу бойынша құзырет беретін азаматтық қорғау туралы заңға түзетулерді көздейді. Былтырғы қазан айында заң жобасы Мәжіліс қарауына енгізілді. Заң жобасын қабылдау ТЖМ бөлімшелерінің теріс қорытындысы болған кезде сейсмологиялық, сел, сырғыма және көшкін қаупі бар учаскелерде заңсыз құрылыс фактілеріне жол бермеуге ықпал ететін болады", - деді спикер.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу