Талдықорғандағы сарбаз өлімі: Батальон командирінің орынбасары 4 жылға сотталды

459

Ол қаруды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етпеген деп айыпталып отыр.  

Талдықорғандағы сарбаз өлімі: Батальон командирінің орынбасары 4 жылға сотталды Фото: sledcom.ru

Алматы гарнизонының әскери сотында Талдықорған гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді әскери қызмет өткерген сарбаздың қаза болу фактісіне қатысты қылмыстық істі қарау аяқталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

2025 жылғы 23 қыркүйекте жеке құрамның қарумен жұмыс істеу барысында пулеметтен абайсызда оқ атылып, оның салдарынан оқ жарақатын алған қатардағы жауынгер Сейтқали Ә., қайтыс болды. 

Іс бойынша қадағалауды жүргізу барысында әскери прокурорлар қайғылы оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға және дәлелдемелерді жинақтауға бағытталған қажетті тергеу және процестік әрекеттердің толық жүргізілуін қамтамасыз етті. 

Тергеп-тексеру барысында батальон командирінің орынбасары қаруды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз етпегені, сондай-ақ алдыңғы өткізілген атыстардан кейін қаруды толық тексеруді ұйымдастырмағаны анықталды. Соның салдарынан ұңғыда қалып қойған оқ әскери қызметшінің қазасына себеп болды. 

Сот талқылауының қорытындысы бойынша аталған лауазымды тұлға Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігімен (ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау) кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу