Алтын Орданың тарихы туралы көп сериялы деректі фильм түсіріледі

458

Фильм танымал халықаралық платформаларда көрсетілмек. 

Алтын Орданың тарихы туралы көп сериялы деректі фильм түсіріледі Фото: Ult.kz

Қазақстанды әлемге таныту үшін Алтын Орда брендін жан-жақты пайдалану қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өтіп жатқан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Биыл Жошы ұлысының негізі қаланғанына 800 жыл толды. Бүгінгі жиынымыз да осы мерейлі белеске тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Біз аста-төк той жасауға емес, салмақты зерттеу жүргізуге баса мән беруіміз керек. Жошы ұлысы Қазақстанның мемлекеттілік дәстүрінде айрықша орын алады. Еліміздің өткені, бүгіні мен болашағы оның тарихи мұрасымен тығыз астасып жатыр. Ендеше, Алтын Орда туралы халықаралық аренадағы түсінік Қазақстанмен тікелей байланысты болуы керек. Жақында Алтын Орданың тарихы және әйгілі тұлғалары туралы көп сериялы деректі фильм түсіру үшін тиісті жұмыстар басталды. Оған шетелдің танымал мамандары тартылып жатыр", - деді Президент.

Сөзінше, фильм белгілі халықаралық платформалар арқылы көрсетілуі керек.

"Жалпы елімізді әлемге таныту үшін Алтын Орда брендін жан-жақты және кеңінен пайдалану қажет. Оны толық зерттеу үшін табанды жұмыс істеу керек. Бұл бағытта біраз шаруа атқарылды. Менің бастамаммен Жошы Ұлысын зерттейтін ғылыми институт құрылды. Қазір Қазақстанның жеті томдық жаңа академиялық тарихын жазу үшін нақты жұмыс жасалып жатыр. Оған 250-ден астам ғалым, соның ішінде 60 шетелдік маман жұмылдырылды", - деп жалғастырды ол.

Академиялық басылымның осындай үлгісін әзірлеу  тәжірибесінде алғаш рет Жошы ұлысына  жеке том арналмақ.

"Оны дайындауға Ресейдің көрнекті тарихшысы Вадим Трепавлов та атсалысты. Өкінішке қарай, ол жақында өмірден озды. Бірақ Вадим Трепавлов өте құнды зерттеу материалдарын әзірлеп, оны көптомдықтың редакциялық алқасына табыстап кетті. Бұл – Қазақстан мен Ресейдің тарихи мектептері арасындағы тиімді ықпалдастықтың жарқын көрінісі", - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кету керек, осыған дейін Президент мемлекеттік тіл мәселесін көтергенін жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу