Сондай-ақ, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляция инвестициялық ортаға сәйкес келетін деңгейде болғанын көргісі келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ол 5 пайыздық инфляция туралы ұсынысты қарапайым мысалмен түсіндіруге тырысып көрді.
– Шындығында, "5 пайыздық инфляция межесі өзгермеу керек" деп ойлаймыз. Бұл межеге жету жылдамдығы әртүрлі болуы мүмкін екені анық. Инфляцияны ушықтыратын фактор көп. Бұл – тариф реформасы, баға реформасы, экономикадағы артық ақша, белгілі бір сыртқы баға қысымы және т.б. Бұл факторлар инфляция мақсатына жетуді баяулататыны анық. Бірақ оны ауыстыру, біздің ойымызша, мүлдем мүмкін емес және кері әсер беруі мүмкін. Мақсатты неғұрлым көп өзгертсеңіз, оған деген сенім соғұрлым төмендей береді, – деді ол.
Тимур Сүлейменовтің сөзінше, межені өзгерте беруге еш негіз жоқ. Оның кері әсері де болуы мүмкін екенін жасырмады.
– Мен бұған қарапайым мысал келтірер едім. Егер мен артық салмақтан арылғым келсе, бастапқы мақсатымды өзгертпеуім керек. 10 келі арықтаймын деп шештік дейік. Бұл межені бір рет өзгертсем, кейін 5 келіге немесе 3 келіге деп төмендете беруім мүмкін. Олай болмауы керек. Біз инфляция экономикалық өсімге, азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын қамтамасыз етуге, жақсы инвестициялық ортаға сәйкес келетін деңгейде болғанын көргіміз келеді. Бұл деңгей – 5%, – деп нақтылады Ұлттық банк төрағасы.
Бұған дейін Ұлттық банк ипотека шарттарына қатысты жаңа шешім қабылдауы ықтимал екенін жаздық.