Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде санитарлық-гигиеналық талаптар күшейтіліп жатқанын ерекше айтты.
"Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл маусым айының соңы, тамыздың басында уақытылы өтеді деп ойлаймын. Қазір дайындық жүріп жатыр. Толығырақ келесі аптада белгілі болады. Жалпы ең бастысы, санитарлық-гигиеналық талаптарды күшейтеміз. Ғимаратқа кіруден бастап әлеуметтік қашықтық сақталады. Әуежайдағы тәрізді бөгеу ленталары тартылады. Аудиторияларда бір уақытта тест тапсыратындар саны бұрынғымен салыстырғанда 2-3 есе аз болады деп жоспарлануда. Бетперде кию міндеттеледі. Ауаны залалсыздандыру жүйесін орнату мәселесі де қарастырылып жатыр", – деп айтып өтті Асхат Аймағамбетов.
Министр бүгінгі күні Ұлттық бірыңғай тестілеу аясында тұлғаны автоматты түрде тану жүйесін орнату мәселесі шешіліп жатқанын тілге тиек етті.
"Биыл 131 мың оқушы құжат тапсырды. Бұл – абсолюттік рекорд. Құжат тапсыру толықтай электронды жүргізілді. Көпшілігі сайт арқылы құжат өткізді. ҰБТ 144 тестілеу орталығында өткізу жоспарда бар. COVID-19 жоқ шалғай елдімекендерде де санитарлық шаралар міндетті түрде сақталады. Биыл тұлғаны сәйкестендіру жүйесін орнату мәселесі шешілуде. Бұл жүйені сынақтан өткіздік. Тұлғаны сәйкестендіру адамның бет-жүзін тану арқылы автоматты түрде орындалатын болады деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, дене температурасын өлшеу, емтиханды жазу және басқа да көптеген мәселе қарастырылуда. Айта кетейін, 95 мың мектеп оқушысы қыс кезінде өздерін сынау үшін алдын ала тест тапсырып көрді", – деп мәлім етті БҒМ басшысы.
Сондай-ақ министрдің сөзінше, биыл академиялық адалдыққа ерекше көңіл бөлінеді. Тіптен тәртіп бұзуға ниеттенуге де болмайды. Мысалы, егер емтиханға кірерде талапкерден телефон немесе басқа да рұқсат етілмеген зат табылса, телефонды пайдаланып, пайдаланбағанына қарамастан ҰБТ тапсыруға жіберілмейді.
Нұржан Көшкін