Ж.Қасымбек Елордадағы Тұран даңғылы неліктен жабылғанын түсіндірді

305

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында магистральдық кәріз коллекторының құрылысы жүріп жатқанын айтты.  

Ж.Қасымбек Елордадағы Тұран даңғылы неліктен жабылғанын түсіндірді Фото: gov.kz

"Құрметті тұрғындар! Өздеріңіз білетіндей, 21 ақпаннан бастап біз Тұран даңғылындағы (Орынбор мен Бағланова көшелерінің арасы) учаскенің бір бөлігін уақытша жаптық. Қазір мұнда магистральдық кәріз коллекторының құрылысы бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл нысанның қалаға қаншалықты маңызды екенін қысқаша айтып өтейін.

Қазіргі уақытта қаланың сол жағалау бөлігінің шаруашылық-тұрмыстық суы Мәңгілік ел даңғылы, Керей Жәнібек хандар көшесі және Тұран даңғылы арқылы өтетін магистральды коллектордың көмегімен ағызылады. Коллектор 16 жыл бұрын салынған. Оның ұзындығы – 6 км.

Қаланың дамуы және ағынды сулардың көлемі ұлғайғаны ескеріліп, коллектор өз мүмкіндігінің шегінде жұмыс істейді.

Коллекторға түсетін жүктеменің артуына байланысты жұмысында үзілістер болады, ал авариялық-қалпына келтіру жұмысы күткен нәтижені бермей отыр.

Елорданың дәл осы ауданында ағынды суларды ағызудың өзге жолы жоқ. Ал қолданыстағы құбырды одан әрі пайдаланудың салдарынан ағынды су жер бетіне көтеріліп, бірқатар көшені басып қалуы мүмкін. Сол сияқты техногендік, экологиялық сипаттағы жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін.

Шаруашылық-тұрмыстық суды ағызу үшін арнайы жоба әзірледік және осы айда Тұран даңғылындағы магистральдық кәріз коллекторының құрылысын бастадық. Оның ұзындығы – шамамен 8 км. Аяқталу мерзімі – 9 наурыз. Құрылыс қарқынын жылдамдатуды және мерзімінен бұрын жол қозғалысын қамтамасыз етуді тапсырдым", - деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу