"Әжетханада қинап, өлтіретіндерін айтқан": Астанада 4 қабаттан құлаған 8-сынып оқушысының анасы

3059

Баланың анасы сабақ біткеннен кейін мені бәрібір өлтіреді деген балам, өзім өлейін деп терезеден секіргенін айтты. 

"Әжетханада қинап, өлтіретіндерін айтқан": Астанада 4 қабаттан құлаған 8-сынып оқушысының анасы Фото: Бейнежазбадан

Астанада мектептің төртінші қабатынан оқушы секіріп кетті. Бала қазір ауруханада жатыр, жағдайы ауыр. Жасөспірімнің мұндай қадамға не себеппен барғанын полиция анықтап жатыр. Ал туыстарының өз болжамы бар. Олар баланы басқа оқушылар бопсалаған деп есептейді, деп жазады inbusiness.kz сайты KTK арнасына сілтеме жасап.

8 сынып оқушысы Бекболат Сайлау кеше түсте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Қолы, екі аяғы сынған, беліне зақым келген. Дәрігерлер ота жасап, бала бүгін ғана есін жиды

"Оң аяғы, оң қолына ота жасадық. Бүгін таңертең жалпы палатаға ауыстырылды", - дейді Арслан Дүйсенбаев, №2 көпбейінді балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі.

Бала есін жиған соң ғана мән жайды ата-анасы бүгін біліп отыр.

"Ердәулет деген бала, Аружан екеуі "мені боспасалаған" деді. "Оны әзірге айтпаймын" деді. Ал Ердәулет, Димаш, Әділет деген сыныбындағы бала мені дәретханада ұрып, "қоңырау болғанша сені өлтіреміз, полицияға береміз, әзір көресің, сабақтан шыққанда өлтіреміз" деп айтты дейді. Содан ашуланып кеттім де, қоңырау шалынды, ағылшын пәнінің мұғалімі кірді, сабақ бітейін дегенше, терезеге қарап отырдым, сабақ біткеннен кейін "өліп алайыншы, мыналар мені өлтіреді, полицияға беретін болды деп" секіріп кеттім" деді",-дейді оқушының анасы Ләззат Рахмаш.

Туыстары бала буллингтің құрбаны болды деп санайды. "Осы мектепке ауысқалы қысымнан көз ашпай келеді, бірнеше рет үйге беті көгеріп келді" - дейді жақындары. Мектеп басшылығы да осы оқиғадан кейін абдырап отыр. Бекболатты тыныш, сабырлы бала деп мінездеме берген директор "одан мұндайды күтпедік" дейді.

"Ешкім байқамай қалды. Балалар тапсырма орындап отырған, мұғалім кітап қарап отырған. Бәрі тез болған. Мұғалім санаулы секундта басымды көтергенде, баланың терезеде ілініп тұрып, құлағанын көрдім деп отыр",—дейді  №72 мектеп-лицей директоры Айман Дүйсенова.

Шошынып қалған оқушылар мен мұғаліммен психологтар жұмыс істеп жатыр. Ал директоры білім ордасында "буллинг болған жоқ" деп азар да безер. Мән-жайды қазір полиция анықтап жатыр. Іс ішкі істер министрлігінің бақылауында.

"Оқиғаны сотқа дейінгі тергеу реестріне тіркедік. Тергеу басталды, соның нәтижесі бойынша қорытынды шығара аламыз. Оқиғаның себебін дәл қазір нақты айта алмаймын",— дейді  ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары марат Қожаев.

Бір өлімнен аман қалған оқушы енді ұзақ емделуі керек. Ақ халаттылар таяу арада оның екінші аяғына ота жасауды жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу