Астанада өзгелердің атынан несие рәсімдеген банк менеджері 22 млн теңгені жымқырған

437

Оған қатысты сот аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша үкім шығарды.  

Астанада өзгелердің атынан несие рәсімдеген банк менеджері 22 млн теңгені жымқырған Фото: egemen.kz

Астанада банк менеджері өзгелердің атынан несие рәсімдеп, 22 млн теңге қаржы жымқырған, деп хабарлайды inbusiness.kz Azattyq Ruhy агенттігіне сілтеме жасап.

Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 аудандық соты 2022 жылғы 13 желтоқсанда А.-ға қатысты аса ірі көлемдегі алаяқтық дерегі бойынша айыптау үкімін шығарды.

Белгілі болғандай, сотталушы елордадағы банктердің бірінің менеджері болып жүріп, қызметтік бабын асыра пайдаланған. Ол үш айдың ішінде ештеңеден беймәлім азаматтардың атына алаяқтық жолмен 19 банк несиесін рәсімдеген. Менеджердің банкке келтірген зияны 22 миллион теңгеден асқан.

"Сот отырысында прокурор мен жәбірленушінің өкілі А.-ны жеті жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Алайда сотталушы өз кінәсін ішінара мойындап, кейбір алаяқтық эпизоды бойынша ақтауды және бас бостандығынан айырмайтын жаза тағайындауды сұрады", - делінген соттың баспасөз хабарламасында.

ҚР Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық – "Алаяқтық" ауыр қылмысқа жатады. Ол үшін бес жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылады.

Сот А.-ның кінәсін ішінара мойындап, келтірілген залалды ішінара өтеуіне байланысты жазасын жеңілдету туралы шешім қабылдады. Оның кінәсі мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Жеңілдететін мән-жайлар болған және ауырлататын мән-жайлар болмаған жағдайда жаза мерзімі ауыр қылмыстар үшін жазаның ең жоғары мерзімінің 2/3 бөлігінен аспауы керек. Ал банк менеджерінің ісі бойынша жаза 6,8 жылдан аспауы керек.

"Сот А.-ның жеке басын, жәбірленуші тараптың жағдайын ескере отырып 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға, оны банк саласындағы қызметпен және жеке/заңды тұлғалардан ақша қаражатын тартуға байланысты қызметпен айналысу құқығынан бес жыл мерзімге айыру туралы үкім шығарды. Одан банк пайдасына 14 миллион теңгеден астам материалдық залал өндірілді", - делінген сот үкімінде.

Соттың үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу