Атырау облысындағы Жангелдин ауылында жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен отбасының туыстары оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Qazaq AIRAN" редакциясының журналистері Атырау облысындағы Жангелдин ауылына барды.
"Бір кісінің істегені ме, әйтеуір асықпай істелінген екен ғой. Жер қазып, оған апарып көму деген оның бәрі бір істеген бір өзі ме, оның қасында сыбайласы болды ма – оны білмеймін", – деді марқұм Мақсот Қарабалиннің туған қарындасы Әдемі Шылмағамбетова.
Күдіктінің әкесі Самиғолла Сәрсемәліұлының осыған қатысты айтар уәжі бар.
"Қазір қарасаң, бәрін бір жаққа бұрып, телефонда кілең "күйеубаласы кінәлі, сол жасаған" деп айтылып жатыр. Сонда Наурыз (ред. – Наурыз Мұқанғалиев) қайда кетті деген бір ауыз сөз жоқ қой. Мүмкін ол бір жерде тірі болар", – деді күдіктінің әкесі.
Айта кету керек, бұған дейін Атыраудағы оқиғаға қатысты күдіктінің әкесі ұлының жазықсыз екенін айтқанын жазғанбыз.