Ауыл мен қала арасын жалғайтын көпір салынады

913

Енді тұрғындар вагон астынан өтпейтін болады.  

Ауыл мен қала арасын жалғайтын көпір салынады

Бұған дейін ақсулықтар 20 жыл бойы жол өту үшін басын қатерге тігіп келеді деп, көпшіліктің көкейіндегі күрмеулі мәселені жазған едік. Енді Павлодар облысының басшылығы бұл мәселені шешудің жолын тапқанға ұқсайды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

2001 жылы Ақсу қаласы мен оның іргесінде орналасқан Черемушки ауылының арасында теміржол салынған болатын. Бірақ жаяу жүргіншілерге арналған жол ескерілмей қалған. Сол уақыттан бері қалаға жетуді қалайтын ауылдықтар жеті бірдей теміржолда тұрған вагондардың астынан өтуге мәжбүр. Мұндағы 200-ге жуық отбасының мүшелері жұмысқа, мектепке немесе ауруханаға қоғамдық көлікпен бару үшін алдымен теміржолдарды "еңсеріп" алуы керек.

"Бұл проблемаға 20 жыл болды. Соңғы рет қасымызда жол салынып жатқанда көмектесеміз деп уәде берген. Бірақ содан бері ештеңе өзгерген жоқ", – дейді ауыл тұрғындары.

Бүгін Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов елді мекен азаматтарымен кездесіп, мәселені шешу жолдары қолға алынғанын хабарлады. Нақтысы, жаяу жүргіншілер көпірін салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары басталды. Бірақ Черемушка ауылы мен қалаға апарар жолдың арасында жеті темір жол желісі әрі жоғары вольтты электр желілері болғандықтан, мәселені шешу оңай болмайын деп тұр. Сондықтан көпірдің ұзындығын 120 метр қылу жоспарда бар. Өңірдің басшысы қажетті қаражаттың барын алға тартып, осы жылдың соңына дейін көпір құрылысын аяқтауға уәде берді.

Сонымен қатар шағын ауылда балалардың ойын алаңын салып, негізгі жолды асфальттау керек. Жергілікті әкімдік бұл мәселелерді де біртіндеп шешпек.

Ажар Дәулетова