Ауылдық округ әкімі су бөгетін сатып жіберген

420

Теріскейде экологиялық апат туындауы мүмкін. Павлодар облысындағы 9 көлдің құрғап қалуы ғажап емес. 

Ауылдық округ әкімі су бөгетін сатып жіберген

5 ауылдың шабындық алқаптарына су жетпей, 40-тан аса шаруашылық зиян шегуі ықтимал. Өйткені, Ақмола облысының Ерейментау ауданына қарасты Өлеңті ауылының әкімі, елді мекенмен аттас өзеннің бөгетін жекеге сатып жіберген. Ал, төңіректегі тұрғындар мен фермерлер, тіршілік нәрінен таршылық көреміз, деп дабыл қағуда. 

Бұл адамдар Өлеңті өзенінің Павлодар облысы аумағындағы арнасын бойлай қонған бес ауылдың тұрғындары мен фермерлері. Олар Өлеңті өзенінің Павлодармен шектесетін тұсында салынып жатқан бөгет құрылысына наразы. Су жіберілмейтін болса, Кереку жеріндегі көптеген шаруашылықтар мен табиғатқа апат әкеледі, дейді. 

"Өлеңті өзенінің бойында тұрғандықтан осы өзеннің бойына шыққан шөппен малымызды асыроап отырмыз. Ал суды бір шаруашылық бөгеп соның кесірінен мына жақтағы 60 шаруашылық сусыз қалып жатса ол енді былайша айтқанда катастрофа ғой", дейді Павлодар облысының фермері Жұмабек Рахымбекұлы.

Өзен арнасы тартылса жағалай қонған бес ауылдан бөлек, ірілі ұсақты тоғыз су айдынына экологиялық қауіп төнейін деп тұр. 

"Бұл экологияға өте әсер етеді. Біздің Әулиекөл, 9 көліміз құрып кетуі мүмкін. Тұзданып, тұщы су жоғалып кетуі мүмкін. Флора , фауна жоғалады. Аң, құс кетеді. Ондағы өмір сүріп отырған азын-аулақ азаматтар көшеді. Жұмыссыздық пайда болады", дейді Павлодар облысы  Екібастұз ауылдық округнің әкімі Жанат Ибраев. 

Өлеңті өзенінің Ерейментау ауданына қарасты бөлігінде су тасқынын бөгейтін бірнеше жасанды бөгеу бар. Оның бірін оншақты жыл бұрын бұзып, арнаны ашып тастаған. Жергілікті әкімдік оны сот арқылы иесіз деп танып, жеке меншікке 8 млн теңгеге сатып жіберген. 

"Біз кірісті ойлау керекпіз. Сондықтан бөгетке құжаттарды дайындағаннан кейін біз оны электронды аукционға бағасымен қоямыз. Сол 2022 жылы біз оны электронды аукционда саттық", дейді Ақмола облысы Ерейментау ауданы Өлеңті ауылдық округнің әкімі Алмагүл Мұстафина.

Сатып алған Ақмола облысының фермері бұрынғы бөгетті қайта қалпына келтіріп жатқанын айтады. Жауапты мекеменің барлығынан рұқсат алдық дейді.    

Әйтсе де, елдегі су айдындары мен өзен көлдерге жауапты орган ешқандай рұқсат берілмегенін айтады. 

"Айдар" шаруа қожалығы Ерейментау ауданы әкімдігінен алған рұқсаты бойынша дамбаны қайта құрды. Бірақ, осы жұмыстарды жүргізбес бұрын "Ертіс бассейні" испекцияда осы жұмыстарды келісу үшін жүгінген емес", дейді "Ертіс бассейні" инспекциясы Павлодар бөлімінің басшысы Әлия Абылхасанова. 

Павлодарлық фермерлер қазір қол жинауда кеше ғана сайланған жаңа депутаттарға барамыз дейді. Ал, "Ертіс бассейні" мекемесі сотқа жүгінуге кеңес береді. Сонда ғана, бөгеттің заңдылығын анықтауға болады екен. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу