Біріккен Араб Әмірліктерінде 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Осылайша елде балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін реттейтін шешім қабылданды. Министрлер кабинеті қабылдаған жаңа ережеге сәйкес, әлеуметтік желілерді қолданудың ең төменгі жасы 15 жас болып белгіленді.
Енді бұл жастан кіші балаларға жеке аккаунт ашуға әрі бұрыннан бар парақшаларды пайдалануға рұқсат етілмейді. Сондай-ақ олардың әлеуметтік желілердегі барлық функцияларға қол жеткізуі шектеледі.
БАӘ премьер-министрі және Дубай әмірі Мұхаммед бен Рашид әл-Мактумның сөзінше, тиісті шешім балалардың цифрлық қауіпсіздігін күшейтіп, оларды интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерден қорғауға бағытталған. Ол балалардың технологияларды қауіпсіз әрі жас ерекшелігіне сай пайдалануына жағдай жасау маңызды екенін жеткізді. Сонымен қатар ата-ананың рұқсаты бұл талаптарды айналып өтуге негіз бола алмайды.
Енді платформалар бұл тыйымның толық орындалуын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті техникалық шараларды енгізуге міндетті. 15-16 жас аралығындағы жасөспірімдерге әлеуметтік желілерді пайдалануға рұқсат етіледі, бірақ белгілі бір шектеулер бар. Олардың аккаунттары күшейтілген қауіпсіздік режимінде қорғалуы тиіс. Атап айтқанда, контентті жас ерекшелігіне қарай шектеу; қолдану уақыты мен желіде болу ұзақтығын бақылау; ата-аналарға арналған бақылау құралдарын ұсыну көзделген.