БАӘ Сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, Иранмен барлық сауда және коммерциялық алмасулар, сондай-ақ қаржылық операциялар қосымша ескертуге дейін тоқтатылады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұған дейін БАӘ Қорғаныс министрлігі әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері Иран аумағынан екі баллистикалық зымыранның ұшырылғанын анықтағанын хабарлады.
Ведомство мәліметінше, зымырандардың бірі елдің аумақтық суларынан тыс жерде, екіншісі аумақтық суларында құлаған. БАӘ тарапы шабуылдың нысанасы теңіздегі кеме қатынасы болғанын мәлімдеді.
Алайда Иран бұл айыптауларды жоққа шығарды. Ислам Республикасының Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Исмаил Багаи Тегеранның БАӘ аумағына қарай зымыран ұшырғанын үзілді-кесілді жоққа шығарды. Иран мұндай айыптаулар тату көршілік қағидатына қайшы келетінін және аймақтағы мемлекеттер арасында өзара сенімді нығайтуға бағытталған күш-жігерге кедергі келтіретіндігін айтты.
Исмаил Багаи барлық тараптарды Иранға қатысты негізсіз айыптаулардан бас тартуға шақырды. Ол сондай-ақ аймақта АҚШ пен Израильдің жалғасып жатқан әрекеттеріне байланысты қалыптасқан жағдайды ескеруге үндеді.