БАӘ мен Иордания жалпы ұзындығы 360 шақырымды құрайтын және құны 2,3 млрд АҚШ долларына бағаланған Y-тәрізді жүк теміржолын салу мақсатында бірлескен кәсіпорын құру туралы келісімге қол қойды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл жол фосфат және калий кен орындарын Қызыл теңіз жағалауындағы Ақаба портымен байланыстырады.
Жоба тараптардың 2023 жылғы қарашада жасасқан жалпы сомасы шамамен 5,5 млрд АҚШ долларын құрайтын инвестициялық келісімі аясында және 2024 жылғы қыркүйекте қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандумға сәйкес іске асырылмақ.
Бірлескен кәсіпорын құрамына Абу-Дабидің L'IMAD Holding инвестициялық қоры және Jordan Phosphate Mines, Arab Potash пен Government Investments Management сияқты бірнеше иорданиялық компаниялар кіреді. БК жобаны БАӘ теміржол операторы – Etihad Rail атқарушы құрылымы арқылы жүзеге асыратын болады.
Желі құрылысы Иорданияның өндіруші өнеркәсібі үшін маңызды мәнге ие. Ол арқылы жыл сайын шамамен 13 млн тонна фосфат және 2,6 млн тонна калий кенін тасымалдау көзделіп отыр. Бұл желі Иорданияның ұлттық теміржол желісінің алғашқы буынына айналып, болашақта Сирия мен Түркияға дейін ұзартылуы мүмкін.