Байқоңырдағы бала өлімінің себебі белгілі болды

9 жасар қала тұрғыны "Орион" бассейнінде көз жұмған болатын.  

Байқоңырдағы бала өлімінің себебі белгілі болды Фото: sportishka.com

Бұл туралы Байқоңыр қаласының прокуратурасы мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Орион" бассейнінің директоры Елена Волкованың айтуынша, жоспарлы сабақ кезінде балалардың бірінің жағдайы күрт нашарлаған. Ол суға түскен кезде есінен танып қалған.

"Медицина қызметкерлері мен бассейн нұсқаушылары баланы тез арада судан шығарып, дереу көмек көрсете бастады, жедел жәрдем шақырылды", – деді спорттық нысан басшысы.

Жедел жәрдем қызметкерлері келгенде бала қайтыс болып кеткен.

"Өткізілген сот-медициналық сараптама суға бату белгілерінің жоқтығын, баланың өлімі жалпы сырқаттан болғанын анықтады", – деді бассейн директоры.

Куәгерлердің айтуынша, бала бассейнге үлкен әпкесімен бірге келген. Оның жүрегінде кардиостимулятор орнатылғаны белгілі болды. 

Прокуратура жариялаған хабарламада, баланың бассейнге баруға қарсы көрсетілімдерінің болмағаны туралы барлық медициналық құжаттары бар екені жазылған.

Аталған факті бойынша қайғылы оқиғаның мән-жайын жан-жақты тексеру мақсатында Ресей Федерациясы Тергеу комитетінің Байқоңыр қаласы бойынша тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады, тергеу жалғасуда.

Еске сала кетсек, қайғылы жағдай 2022 жылдың 22 желтоқсанында орын алған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу