Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желілерде тіркелу үшін балалар үшін жас шектеуін белгілеуді ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қазақстанда бала TikTok немесе Instagram-ға 5-6 жастан бастап еш кедергісіз тіркеле алады. Тіпті мұны ата-анасының келісімінсіз әрі ешқандай верификациясыз жасауға болады. Сосын ол кез келген контентке толық қол жеткізе алады. Ал көптеген елдерде бұл мәселе заңмен реттелген. Мысалы, Дания мен Австралияда тіркелуге рұқсат жасы – 15-16 жас. АҚШ, Ұлыбритания және Ирландияда да шектеулер енгізілген. Жас бойынша және әлеуметтік желіге тіркелу тек ата-анасының расталған келісімімен ғана жүзеге асады", – деді Асхат Аймағамбетов Мәжілістің жалпы отырысында.
Депутат осы мәселе бойынша Жасанды интеллект министрлігі мен Оқу-ағарту министрліктерінің ұстанымы қандай деп сұрады.
Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мунның айтуынша, бүкіл әлемде технологиялардың дамуы қарқынды жүріп жатқандықтан, Қазақстан да бұл үрдістен қалмауы тиіс. Ол министрліктің ұстанымы өскелең ұрпақты жасанды интеллектпен, интернетпен жұмыс істеуге дұрыс үйрету деп отыр.
Айта кету керек, бұған дейін Асхат Аймағамбетов мектептерде телефонға тыйым салудың оң жақтарын атағанын жазғанбыз.