"БанкЦентрКредит" "7-20-25" бойынша өтінішті тек орысша қабылдады

1045

Алайда азаматтар тағы да өтінім беріп үлгермеді.

"БанкЦентрКредит" "7-20-25" бойынша өтінішті тек орысша қабылдады Фото: Screenshoot

Бүгін таңертеңнен бері ипотека аламын деп алаңдаған мыңдаған азамат аталмыш банк сайтын аңдумен әлек болды. 

Алдын ала белгілі болғанындай, банк сағат 10:00-де бағдарламаға өтінім қабылдайтын болған. Алаңдатарлығы – өтінішті банк тек орыс тілінде ғана қабылдаған. Тіпті қазақша бөліміне өтіп, өтініш беру батырмасын басқанда да орысша нұсқадан басқа бет ашылмаған. Бұл үлкен сұрақ тудыратын мәселе. Десе де сәті келген тұста азаматтар абдырап қалған. Себебі сайт ашылған соң 10 секундқа жетер-жетпесте лимит біткен. 

"Сағат 10:00-де кіргенімде лимит бітіп қалған. Екінші рет осындай жағдай болып отыр. Сәуір айында да дәл осылайша бағдарламадан қағылдық. 25 жылға ипотека алу үшін де соншама қиындыққа тап болып үй ала алмай отырмыз" – дейді Астана қаласының Аягөз есімді тұрғыны.

Дәл осыған ұқсас жағдайды Қарағанды тұрғыны Құрманғазы Жұмабаев та растап отыр.

"Сағат 9:00-ден бастап сайтта отырдым. Барлық қажетті деген ақпаратты алдын ала дайындап қойдым. Өтінім қабылдау басталған тұста сайт бірнеше секунд кідіріп, үйдің құны жазылатын терезе істемей қалды. Қайта кіріп, толтырып жібергенімде, лимит біткені жайлы хабарлама алдым" – дейді ол.

Ал банкке хабарласқанымызда Мөлдір есімді маман ең соңғы өтініш 25-ші секундта қабылданғанын жеткізді. Алайда, жүйеге құжат тіркеп үлгермеген азаматтар бұл уақыттың өзіне де үлкен күмән келтірді. 

"Бізге дейін бәрі ұрланған" "Ы операциясы". Тіпті таң қалудың керегі жоқ, бұл Жаңа Қазақстан – деп күрсінді Мархабат Татиев есімді банк клиенті.

Ендігі кезекте азаматтар басқа банктердегі лимиттерді тосуға көшті. Ең қиыны құрылыс компаниялары әрі қарай да күтуге құлықты емес. Олар келісім-шартты бұзып, брондалған пәтерлерді тезірек сатып жіберуді жөн көріп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу