Банкроттық өтініштердің неліктен 80% мақұлданбаған

755

Елімізде 63 мыңнан аса азамат банкроттыққа құжат тапсырыпты.

Банкроттық өтініштердің неліктен 80% мақұлданбаған Фото: Ашық дереккөзден

Алайда, олардың 51 мыңнан астамының өтінімі кері қайтарылған. Қазір тек 12 мың құжат қаралып жатыр. Демек, өзін банкрот деп жариялығысы келетіндердің 80 пайызының өтінішісі мақұлбандаған.

Өтініш бергендердің жалпы қарызы 110 млрд теңгеден асып жығылады. Оның өзінде берешектің кешірілетіні, не кешірілмейтіні тек 6 айдан соң ғана белгілі болады. Құжаттар не себепті мақұлданбай жатыр? Халықты қаржылық тығырықтан шығаруы тиіс заңның біз білмейтін қандай тұстары бар?

Қазақстанда 2023 жылдың 3 наурызынан бастап банкроттыққа құжаттар қабылдана бастады. Еліміз бойынша Түркістан облысының тұрғындары ең көп өтінім берген. Онда 9 мыңнан аса жан басындағы қарызынан құтылғысы келіпті. Одан кейін 7 мың өтінім жіберген Алматы облысы болса, ал Алматы мен Шымкенттің тұрғындары 5 мыңнан аса өтініш тастапты.

Сандалып жүргендердің басым бөлігі құжат тапсырғанда қателіктер жіберген дейді салық мамандары. Мәселен, өзін банкрот деп жариялағысы келгендер барлық несиесі бойынша 12 ай бойы төлем жасамауы тиіс. Одан кейін банкке жүгініп, өз шама-шарқына қарай несиені бөліп төлеудің ыңғайлы шарттарын сұрап, хат жазбаған. Яғни, банкроттыққа өту үшін қаржы ұйымының бас тартқаны туралы қағаз міндетті түрде болуы керек.

"Кейбір азаматтардың атында жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар екені анықталды. Сонымен қатар, кәсіпкерлігі бар екені анықталды. Содан бөлек, бағалы қағаздары бар екен. Кейбір азаматтардың атында депозит бар екен банкте. Одан бөлек, кейбір азаматтар банктер және қаржылық ұйымдармен алдын-ала реттеу шараларын жүргізбегені анықталып отыр. Осындай әртүрлі себептердің арқасында олардың өтінімдері қараусыз, яғни кері қайтарылып жатыр", – дейді ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің өкілі Айнұр Сартаева.

Осындай қателіктерді жойған соң 3 айдан соң банкроттыққа құжатты қайта тапсыруға болады. Ал халықтың 70 пайызы сотқа дейінгі банкротыққа тапсырса, 20 пайызы сот арқылы тапсырыпты. Еске сала кетейік, заң күшіне енгенге дейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 1,1 миллионға жуық қазақстандық банкроттыққа құжат тапсыра алады деп болжаған еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу