Бас банк базалық мөлшерлемені 9,25%-ға дейін көтерді

1124

Нақты инфляция күтілген деңгейден жоғары болып қалыптасып отыр және тамыз айының қорытындылары бойынша 5,5%-ға жетті. 

Бас банк базалық мөлшерлемені 9,25%-ға дейін көтерді

ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 25 базистік пунктке жылдық 9,25%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады.

"Нақты инфляция күтілген деңгейден жоғары болып қалыптасып отыр және тамыз айының қорытындылары бойынша 5,5%-ға жетті. Тұтынушылық сұраныстың кеңеюінен туындаған проинфляциялық қысым алдыңғы болжаммен салыстырғанда ұлғайды, бұл инфляцияны 2019 жылдың соңына қарай 5,7%-5,8% деңгейіндегі нысаналы дәліздің жоғарғы шегіне итермелейді. Орташа мерзімді болжамды болашақта 2020 жылы инфляция аздап баяулай отырып, нысаналы 4-6% дәліздің ішінде болады деп күтіледі. 2019 жылғы 7 айда экономиканың өсуі Ұлттық банктің болжамынан жоғары 4,2% деңгейінде қалыптасты, бұл экономикада проинфляциялық қысымды туындатады",– делінген бас банк хабарламасында.

Ұлттық банк инфляция бойынша мәлімделген бағдарға жету мақсатында базалық мөлшерлеме жөніндегі бұдан кейінгі шешімдерді нысаналы дәлізге қатысты қалыптасып отырған және болжанып отырған инфляция серпінінің сәйкес келуін, ішкі сұраныс тарапынан тәуекелдердің іске асырылуын, импорт өсімі мен әлемдік экономикадағы жағдайды есепке ала отырып қабылдайтын болады.

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2019 жылғы 28 қазанда жарияланады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу