Білім алуға биыл қанша грант бөлінетіні белгілі болды

2496

Бакалавр, магистр және PhD докторларын даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы жарияланды. 

Білім алуға биыл қанша грант бөлінетіні белгілі болды

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің 2020-2021 оқу жылына арналған білім беру бағдарламалары бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырысын бөлу туралы бұйрығы шықты.

Биылғы жылы 131 мың талапкерлер Ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) өтуге ниет білдірді. Білім және ғылым министрінің айтуынша, бұл – абсолюттік рекорд. Өткен жылы 110 мыңнан астам үміткер ҰБТ тапсырған еді. Яғни биыл талапкер саны өткен жылғыдан 20 мыңдай артық. Министрдің биылғы бұйрығында жоғары білімді кадрларды даярлауға мемлекеттік тапсырыс саны 53 864 деп көрсетілген. Былтыр осы деңгейіндегі білім беру бағдарламалары үшін 53 785 грант бөлінген еді. Талапкер санының айырмашылығы 20 мыңдай болғанымен, мемлекеттік тапсырыста айырмашылық аз. 

Айтар болсақ, құрамына біршама білім беру бағдарламасы кіретін педагогикалық ғылымдарға жиыны 8 243 орын бөлінген. Ең көбі – мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу бағдарламасы (789). Өнер және гуманитарлық ғылымдарға 1615 тапсырыс берілген. Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпаратқа – 867. Жылда жоғары сұранысқа ие болатын бизнес, басқару және құқық саласында білім алушыларға арналған жиынтық тапсырыс саны – 979. Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика – 4088, ең көп тапсырыс физикалық (852) және химиялық (670) ғылымдарға берілді.

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мамандығына 3815 тапсырыс бар, дегенмен бұл өткен жылғымен салыстырғанда 518 орынға азырақ. Инженерлік, өңдеу және құрылыс саласына 14 681 грант арналған. Дені қала құрылысы, құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылысқа тиесілі. Ауыл шаруашылығы және биоресурстарға деген тапсырыс – 1 565. Бұл ретте былтыр 300 грант бөлінген "жерге орналастыру" мамандығына биыл ешқандай тапсырыс жоқ екенін айта кеткен жөн. 

Ветеринария – 825, денсаулық сақтау дәл былтырғыдай – 2 700 студент қабылдайды. Туризм, мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі тәрізді қызмет көрсету саласының мамандықтарына жылдағыдай 2200 грант бар. 
Сонымен қатар, "Мәңгілік ел жастары – индустрияға!" жобасы шеңберінде 5116 студентті оқыту қарастырылған.
Бакалаврдан кейінгі магистратура деңгейі ғылыми-педагогикалық және бейінді болып екіге бөлінетіні белгілі. Биыл ғылыми-педагогикалық магистратураға 12 915, ал бейіндіге 710 тапсырыс берілді. Бейінді бағыт бойынша магистрлерді әзірлеу биыл 200 орынға көбейген.

Докторантураға келсек, 2020-2021 оқу жылына PhD докторларын даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысымен 2 355 грант бөлінді. Бұл да өткен жылғымен қарайлас.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу