Биыл өткен жылдан екі есе көп мектеп ашамыз – Алтай Көлгінов

1137

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі қала тұрғындарымен кездесті.

Биыл өткен жылдан екі есе көп мектеп ашамыз – Алтай Көлгінов

Елорда әкімі қаланың өсу динамикасына тоқталып өтті.

"Қала үлкейген сайын мәселелері де көбейеді. Осыдан жиырма жыл бұрын астанамызда 400 мың адам болса, қазір 1 млн 200 мың тұрғын бар. Сол жылдары 4000 бала дүниеге келетін, қазір бір жылда 25 мың бала өмір есігін ашуда. Халықтың санының өсуіне ішкі миграция да әсер етуде. Жыл сайын астанаға 50 мыңнан астам адам келуде. Сонымен қатар, 2000 жылы Астана қаласының аумағы 300 мың шаршы шақырым болса, қазір 800 мыңға дейін кеңейді", – деді әкім.

Алтай Көлгінов 2020 жылы өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп мектеп салынатынын мәлім етті.

"Халықтың саны көбейген сайын, баланың саны көбейеді. Яғни, мектептер санын арттыру керек. Қазір қалада үш ауысымды 8 мектеп бар. Ал 14 мектепте оқушылар саны шамадан тыс көп. Бұл білім сапасына әсер етіп, мұғалімдердің жұмысына салмақ түсіруде. Бұл мәселені шешу үшін өткен жылы 5 мың оқушыны қамтитын 6 мектеп аштық. Биыл өткен жылдан екі есе көп мектеп ашамыз. Құрылысы басталған мектептер биыл қолданысқа берілуге тиіс. Осылайша, 10 мың оқушы жаңа мектепке барады. Бұл шаралар жағдайды едәуір жеңілдеткенімен, әлі де болса жеткіліксіз. Тағы 50 мектеп ашу жоспарда бар. Бюджетке салмақ салмау үшін жеке инвесторларды тарту қарастырылған. Жеке инвесторлар 4 мектеп салады", – деді қала басшысы.

"Балалар мен мектептердің саны өсіп жатыр. Мұғалімдерді дайындауға үлгеріп жатырмыз ба? Бұл да бір мәселе. Қалада 250 маман жетіспейді. Мұғалімдерге жағдай жасауымыз керек. Ұстаз мәртебесі туралы заң қабылданды, мұғалімдерге жағдай жасалып жатыр. Ұстаздарды қадірлеп, қолдауымыз керек. Ең басты байлығымыз балаларымызды мұғалімдерге сеніп отырмыз. Жас мамандарға тұрғын үй алуы үшін алғашқы жарнаға сертификаттар беру қажет", – деді Алтай Көлгінов.

Елорда әкімінің айтуынша, мектепке дейінгі білім беру орындарымен 98,4% бала қамтылды. Әр балаға 28 мың теңгеден мемлекеттік субсидия бөлінеді.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу