Бұрын да адам өлтірген әйел танысын балталап, түк болмағандай жұмысқа барған

236

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. 

Бұрын да адам өлтірген әйел танысын балталап, түк болмағандай жұмысқа барған Фото: canva

Солтүстік Қазақстан облысында танысын өлтірген әйел сотталды. Ер адамның денесі бірнеше күн бойы төсектің астында болған, ал сотталушы ештеңе болмағандай жұмысына барып жүрген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Qazaqstan Media сайтына сілтеме жасап. 

53 жастағы Эльмира Шевелёва бұған дейін де істі болған. 27 ақпан күні кешкі сағат алты шамасында ол қолына балтасын алып, отын жару үшін далаға шықпақ болған. Осы кезде үйіне танысы Мехоношин шақыртусыз келген. Әйелдің айтуынша, ер адам мас болған әрі үйден кеткісі келмеген. 

"Мен есікті жабу үшін Мехоношинді айналып өттім. Сол сәтте ол маған қарай құлай бастады. Оны қорқыту үшін балтамен екі рет ұрдым. Бірақ соққының балтаның сабымен емес, жүзімен жасалғанын байқамадым. Соққы оның желке тұсына тиді. Кейін Мехоношин етпетінен құлады", – деді айыпталушы.

Бұл оқиғадан кейін әйел адам жедел жәрдемге де, полицияға да хабар бермеген. Ол едендегі қан іздерін жуып, мәйітті бөлмеге сүйреп кіргізіп, төсектің астына жасырып қойған. 

Ер адам бірнеше күн бойы жоғалған адам ретінде іздестірілген. Оны туыстары мен полиция іздеген. Ал әйел сол аралықта жұмысқа емін-еркін барып жүрген. Көршілерінің сөзінше, сотталушы ыдыс жуушы болып жұмыс істеген. Ол таныстарымен сөйлесіп, қалыпты өмірін сүрген.

1 наурызда полиция Шевелёваның жұмыс істейтін жеріне барып, оны үйіне алып барған. Пәтерден жағымсыз иіс сезілген. 

"Жатын бөлмедегі диванның астынан мәйіт табылды. Одан кейін Шевелёва болған жайтты айтып берді", – деді сотта полиция қызметкері.

Сот шешімімен, айыпталушы адам өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, оған 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Эльмира Шевелёва жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде өтейді. Сондай-ақ ол ішімдікке тәуелділіктен емделуі тиіс. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу