Палестина аумағы БАҚ өкілдері үшін әлемдегі ең қауіпті аймақтардың біріне айналды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.
Израиль әскері тарапынан Газа секторындағы журналистердің қаза табуы саналы түрде жасалған әрекет болуы мүмкін.
Бұл туралы БҰҰ-ның оккупацияланған палестиналық аумақтар жөніндегі арнайы өкілі Аджит Сунгай Баспасөз бостандығының дүниежүзілік күніне орай берген сұхбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазіргі жағдайда палестиналық журналистер аймақтағы оқиғаларды жариялау үшін үлкен тәуекелге барып жүр.
"Палестина журналистер одағының мәліметі бойынша, 2023 жылғы 7 қазаннан бері 210-нан астам палестиналық журналист қаза тапқан. Біз бұл өлімдердің көпшілігі әдейі жасалған деп есептейміз. Журналистердің кәсіби міндетін атқарып жүріп қаза тапқанына дәлел бола алатын белгілер бар", – деді ол.
БҰҰ өкілі халықаралық құқық нормаларына сәйкес, қақтығыс аймағындағы бейбіт тұрғындар, оның ішінде журналистер де қорғалуы тиіс екенін еске салды. Алайда, оның айтуынша, бұл ереже жиі бұзылып отыр.
– Газада журналистердің әдейі өлтірілгені туралы деректер әскери қылмыс ретінде қарастырылуы мүмкін. Қаза тапқан 210-нан астам журналистің өлімі мұқият тергеліп, кінәлілер әділ жазаға тартылуы тиіс, – деп мәлімдеді Сунгай.
Сондай-ақ, Газа секторында журналистердің мұншалық көп және қысқа уақыт ішінде көз жұмуын тарихта бұрын-соңды болмаған жағдай деп атап өтті.
– Бұл – төтенше жағдай. Көптеген журналист тек жұмыс барысында ғана емес, үйлерінде де қаза табуда. Кейде олардың отбасылары да құрбан болады. Жарақат алған БАҚ өкілдерінің нақты саны әлі де белгісіз, – деді БҰҰ өкілі.
Сұхбат соңында Сунгай журналистік қызмет кезінде қаза тапқан және жараланған тілшілердің отбасыларына, жақындары мен әріптестеріне шын ниетпен көңіл айтып, халықаралық қауымдастықты бұл мәселені назардан тыс қалдырмауға шақырды.