Депутат: Мараторий кесірінен азаматтардың мүддесі қорғалмай отыр

327

Қазақстанда мемлекеттік бақылау және қадағалаудың жаңа жүйесі енгізілмек.

Депутат: Мараторий кесірінен азаматтардың мүддесі қорғалмай отыр Фото: parlam.kz

Жобаны бүгін Мәжілісте Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров таныстырды, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Онда  мараторий аяқталған соң, кәсіпкерлерді тексеру кезінде жедел әрекет ету регламентін бекітуге бағытталған шаралар бар. Отырыста бұл реформаларды сынға алған депутаттардың құжатқа көңілі толмай отыр.

Бүгін Мәжіліс бизнес жүргізу мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатты Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров таныстырып, жаңа реттеушілік саясаттың негізгі тәсілдерін ұсынды. Оған мемлекеттік бақылаудың жаңа жүйесін енгізу және Кәсіпкерлік қызметті жетілдіруге бағытталған кейбір түзетулер жатады. Бірақ бұл реформаға көңілі толмағандар да бар.

"Шағын және орта бизнестің осы мүмкіндікті пайдаланып дамуына біресе пандемия, біресе инфляция кедергі болды. Қазір олар екі көзі бақырайып, "Бізді қайта тексере бастайды" деп қорқып отыр. Сіз тексеру қалай болатынын білесіз. Анау келіп бір пара сұрайды, мынау келіп бір пара сұрайды. Осы жағынан шағын және орта бизнесті қолдауға қатысты қандай іс-әрекеттер жасалады?", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ринат Зайытов.

Министр келесі жылдан бастап тәуекелді басқару жүйесі енгізілетінін және тексерілуге тиіс нысанды жасанды интеллект анықтайтынын жеткізді. Яғни, кәсіпкерлерді жаппай мазалау болмайды деп сендірді. Бірақ депутат Асхат Аймағамбетов бизнес бетімен кетпеуі үшін талапты қатаңдату керек деп санайды. Өйткені, қазір мемлекет пен азаматтардың мүддесі жеткілікті деңгейде қорғалмай отыр, деді ол.

"Бірнеше жыл бұрын еңбек қауіпсіздігін тексеру үшін СОР арқылы жоспарлы тексеру алынып тасталды. Нәтижесінде бізде шахталарда, кәсіпорындарда осы еңбек қауіпсіздігі бойынша тексерістерге мүмкіндік болмай қалды. Әлде мемлекеттік экспертиза құрылыс саласында қазір жеке меншік экспертизаға берілді. Сол сияқты мектептердегі тамақтандыру, балабақшалардағы тамақтандырудың сапасын тексеру мәселесі де бар. Міне кеше ғана Жамбыл облысындағы улануды да осының нәтижесі, айқын көрінісі деп білемін", - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов.

Депутаттың айтуынша, жылу электр станцияларын тексеретін аудиторлардың да қолы байлаулы. Сондықтан, саясатты қайта қару керек деген пікірде. Әлібек Қуантыров жаңа заңда мемлекеттік органдардың кей нысандарға прокуратура рұқсатынсыз тексеріс жүргізу құқығы бар екенін атап өтті.

"Заңнама шеңберінде тиісті тергеуді жасауға болады. Сол себепті бірнеше салдары бар. Қазір олар барлық салалық заңдарда. Төртеуі жазылды. Ал енді басқа салалар бойынша енді бізге әрине балансқа қарау керек. Себебі ол немесе СОР болады. Немесе мемлекеттік бақылау және қадағалау болады", - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Ол үшін мемлекеттік орган арнайы талдау жүргізуі керек. Нәтижесі оң болса заңнамаға басқа салаларда енуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу