Дипломмен ауылға барғандар несиелерін Отбасы банк арқылы төлейді

825

Елімізде "Дипломмен – ауылға" жобасы бастағалы 38 мың қазақстандық бюджеттік несие алған.  

Дипломмен ауылға барғандар несиелерін Отбасы банк арқылы төлейді Фото: abai.kz

"Дипломмен – ауылға" жобасының қатысушыларына 2023 жылдың 1 мамырына дейін "Отбасы банкінің" клиенті болып үлгеру маңызды. Бұл өз кезегінде несиені уақытында өтеуді жалғастыру және несие бойынша төлемді кешіктірмеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды inbusiness.kz "Отбасы банкі" баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Отбасы банкінің" клиенті атанған қазақстандықтарға несие шарттары бойынша еш өзгеріс енгізілмейді, олар заемдарын төлеуді жалғастыра береді.

– Елімізде "Дипломмен – ауылға" жобасы өз жұмысын бастағалы бері 38 мың қазақстандық бюджеттік несие алған екен. Біз бұл клиенттік базаны бағдарламаның бұрынғы операторынан қабылдадық. Заң бойынша, осы несиелерге қызмет көрсетуді жалғастыру үшін қарыз алушылар Отбасы банкінен ағымдағы шот ашулары қажет. Клиенттерді хабардар етпей, олардың келісімінсіз біз оны өз бетімізше ашуға құқығымыз жоқ. Сондықтан, "Дипломмен ауылға" жобасының барлық қатысушыларын 2023 жылдың 1 мамырына дейін жеделдетіп, ағымдағы шот ашып, банк клиенті атанып үлгерулерін сұраймыз. Сонда кез келген екінші деңгейлі банктен клиент осы ағымдағы шотты толықтырып, сол арқылы несиесін өтей алады, – деп түсіндірді "Отбасы банк" АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Нұрлан Ақшанов

Банк клиенті болудың бірнеше жолы бар:

- Otbasy bank мобильді қосымшасын жүктеп алып, ағымдағы шот пен депозит ашу;

- ұялы телефоннан 300 нөміріне тегін қоңырау шалу;

- жақын жердегі банк бөлімшесіне немесе кеңес беру орталығына жолығу.

2023 жылдың 1 сәуірінен бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің шешімімен Отбасы банк "Дипломмен – ауылға" жобасының сенімді агенті болып тағайындалды.

Бұл жоба бойынша тұрғын үй сатып алуға немесе салуға несие беру және көтерме жәрдемақы төлеу қарастырылған.

Азаматтардың уақытын үнемдеу және оларға осы мемлекеттік қолдауды алу процесін жеделдету үшін "Дипломмен ауылға" жобасы цифрлық форматқа ауыстырылды. Қазақстандықтардан жаңа өтінімдер otbasybank.kz жылжымайтын мүлік порталында онлайн режимде қабылданатын болады.

Отбасы банкінің мемлекеттік деректер базасымен интеграциялануы және Вlockchain технологиясын қолдануының арқасында азаматтардың түрлі мекемелерге баруын тоқтату мүмкін болды.

Бағдарламаға ауылдық жерлерге енді ғана келген және онда бірқатар кәсіптер бойынша жұмыс істейтін кез келген жастағы қазақстандықтар қатыса алады. Бұл денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіптік кешен мамандары, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілері (әкімдер мен әкімдердің орынбасарларын қоспағанда).

Аудандық әкімдіктер мен облыстық маңызы бар қалалардың әкімдіктері жыл сайын өз елді мекенінде жоғарыда аталған мамандықтар бойынша талап етілетін қызметкерлердің тізбесін қалыптастыратынын атап өткен маңызды. Дәл осы тізім аясында жеңілдетілген кредиттер беріледі.

Қарыздың ең жоғары сомасы 1500 АЕК-ке дейін, кредит бойынша мөлшерлеме 0,01%-ға тең (ЖТСМ – жылдық 0,01%-дан басталады)

Қарыз маман жұмыс істейтін елді мекенде тұрғын үй сатып алуға немесе салуға беріледі. Кредиттің ең көп мерзімі – 15 жыл. Негізгі талап – жобаға қатысушы ауылдық жерде мамандығы бойынша 3 жыл жұмыс істеуі керек.

Жәрдемақы мен бюджеттік кредит алуға өтінішті бір мезгілде беруге болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу