Бішкек қаласында екі қазақстандық жергілікті тұрғындарды тарта отырып, жалған долларды өткізу ісін ұйымдастырғаны үшін кінәлі деп танылды. Жоғарғы соттың қаулысы "Цифрлық сот төрелігі" порталында жарияланды. Бұл туралы жергілікті басылым жазды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Қазақстан азаматы Қырғызстан аумағында жалған АҚШ долларын өткізу ісін ұйымдастыру мақсатында қылмыстық келісімге келген. Ол басқа отандасымен бірге 2023 жылдың 15-28 желтоқсаны аралығында Бішкекте жалған купюраларды өткізу мәселесі бойынша бірнеше кездесу өткізген.
2023 жылдың желтоқсан айының соңында олар номиналы 100 доллар болатын, жалпы сомасы 70 мың АҚШ долларына тең жалған купюраларды серіктесіне берген. Кейін бұл іске үш Қырғызстан азаматы тартылған.
Олар жалған 10 800 долларды банктердің бірінің терминалдарына, сондай-ақ 600 долларды жеке валюта айырбастау орындарына енгізу арқылы айналымға түсірген. Нәтижесінде шамамен 2 мың АҚШ доллары көлемінде шынайы ақша алынған. Бұл қаражат шекара арқылы ұйымдастырушыларға берілген.
Первомай аудандық сотының үкімімен қазақстандықтың бірі Қырғыз Республикасының Қылмыстық кодексінің 41-бабының 2-бөлігі, 233-бабының 2-бөлігінің 1 және 3-тармақтары бойынша кінәлі деп танылды. Оған жалпы режимдегі түзеу колониясында 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Амнистияға байланысты жазаның өтелмеген бөлігі үштен бірге қысқартылды. Екінші азамат та алдын ала сөз байласу арқылы топ болып, ірі мөлшерде ақша қолдан жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған да жалпы режимдегі түзеу колониясында 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Рақымшылық туралы заң негізінде оның да жазасы үштен бірге қысқартылды.
Жергілікті үш тұрғын қылмысты жасырып қалуға көмектескені үшін кінәлі деп танылды. Олардың әрқайсысына 50 мың сом көлемінде айыппұл салынды. Ал тағы біруіне қатысты сот үкімінде ақпарат көрсетілмеген.
Бішкек қалалық сотының қылмыстық істер және құқық бұзушылықтар жөніндегі сот алқасы үкімге сәйкес, тағайындалған жазаны өтегеннен кейін Қазақстан азаматтарын Қырғызстан аумағынан шығарып жіберу туралы шешім қабылдады. Қалған бөлігі бойынша үкім өзгеріссіз қалдырылды.