Үндістан мен Пәкістан соғысуға жақын

215

Кашмирде 26 турист өлтірілгеннен кейін Үндістан мен Пәкістан арасында шиеленіс күшейіп барады.

Үндістан мен Пәкістан соғысуға жақын Фото: AP

Үндістан бақылауынадағы Кашмирде туристерге жасалған қанды шабуыл Үндістан мен Пәкістанды тағы да соғысқа жақындатып отыр.

Екі ел дипломатиялық және сауда байланыстарын төмендетіп, негізгі шекаралық өткізу пунктті жауып, бір-бірінің азаматтарына берілген визаның күшін жойып жатыр.

Пәкістан көрікті Гималай бөктерінде 26 саяхатшының өмірін қиған шабуылды мойнына алмады. Құрбандардың көбі – үнділер. Олардың өлімі үшін өздерін "Кашмир көтерілісшілері" деп атаған топ жауапты екенін жариялады.

Бұған дейін Үндістан мен Пәкістан үш рет соғысты. Соның екеуі Кашмир үшін басталған екен. Екі ядролық қарсылас арасындағы шиеленіске тоқталсақ, оның қысқаша мазмұны төмендегідей.

Даудың астарында не жатыр?

Үндістан мен Пәкістан арасындағы байланыстар қақтығыстармен, агрессивті дипломатиямен және өзара күдікпен қалыптасты. Олардың қатынастары әсіресе Кашмирдің таңғажайып Гималай аймағына қатысты талаптарынан ара-тұра шиеленісіп тұрады.

Кашмирдегі қарулы көтерілісшілер Нью-Делиге ондаған жылдар бойы қарсылық көрсетті. Жергілікті мұсылман кашмирліктердің көбі көтерілісшілердің аумақты Пәкістан билігі астында немесе тәуелсіз ел ретінде біріктіру мақсатын қолдады. Үндістан Пәкістанды зорлық-зомбылық туындатты деп айыптайды, Исламабад болса, бұндай кінәні үнемі жоққа шығарады. Осы жылдар ішінде екі жақ арасындағы қарулы жанжалдардан ондаған мың бейбіт тұрғын мен көтерілісшілер және үкімет әскерінің сарбаздары қаза тапты.

Пәкістан Үндістанның әрекеттеріне қалай жауап берді?

Сейсенбі күні қарулы адамдар әдемі Пахалгам қаласы маңында шабуыл жасап, 26 адамды, негізінен үнді туристерін атып өлтірді. Нью-Дели бұл қастандықты дереу Пәкістанмен байланыстырды. Бірақ ашық түрде ешқандай дәлел келтірмеді.

Көп кешікпей Үндістан бірқатар жазалау шараларын жариялап, Пәкістанмен дипломатиялық байланыстарды төмендетті, су бөлісу туралы маңызды келісімді тоқтатты және Пәкістан азаматтарына берілген барлық визалардың күшін жойды. Үндістан 1 мамырдан бастап Нью-Делидегі пәкістандық дипломаттардың санын 55-тен 30-ға дейін қысқартатынын мәлімдеді.

Пәкістан қарап қалмай, Үндістанның бұл әрекетін "жауапсыз" деп атап, Үндістан азаматтарын да визадан айырды. Сонымен қатар, Исламабад Үндістанмен барлық сауданы, соның ішінде үшінші елдер арқылы жасалатын алыс-берісті де тоқтатып, әуе кеңістігін үнділік ұшақтар үшін жауып отыр.

Суға қатысты дау соғысқа әкелуі мүмкін

Пәкістан Үндістанның су туралы келісімді тоқтату шешімін "соғыс актісі" деп есептейтінін ескертті.

1960 жылы Дүниежүзілік банк делдалдығымен жасалған "Үнді суы" туралы келісім Үндістан мен Пәкістан үшін өмірлік маңызы зор өзен жүйесінің суын ортақ пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл шарт көршілес мемлекеттер арасында 1965 және 1971 жылдары болған екі соғыстан, 1999 жылғы ірі шекаралық қақтығыстардан аман қалды.

Осы келісім бойынша Үндістан шығыс Рави, Сутлеж және Беас өзендеріне, ал Пәкістан Кашмир аймағы арқылы өтетін Джелум, Ченаб және Инд өзендерінің батысына бақылау жасайды.

Пәкістан су туралы келісімнің міндетті екенін және онда біржақты түрде тоқтату туралы ереженің көрсетілмегенін алға тартып отыр.

Сонымен қатар, Пәкістан бұл пәтуаны "өмірлік маңызы зор ұлттық мүдде" деп сипаттайды. Шарт 240 миллион халқы бар елдің ауыл шаруашылығы мен су энергетикасын қолдау үшін аса қажет. Оның тоқтауы Пәкістанның онсызда құрғақшылыққа тап болған, жауын-шашыны азайған аудандарын су тапшылығына ұрындыруы мүмкін.

Пәкістан бейбіт келісімді тоқтататынын ескертті

Исламабад болса, 1971 жылы Бангладештің Пәкістаннан бөлініп кетуіне сеп болған Үндістан-Пәкістан соғысынан кейін қол қойылған Симла бейбіт келісімді тоқтата тұратынын ескертті.

Бұл құжатқа сәйкес, Үндістан мен Пәкістан атыс доғарылып, Кашмирдің ортасындағы бақылау сызығында екі елдің шекарашылары пайда болды. Сонымен қатар, осы келісім нәтижесінде тараптар қандайда бір дауларды келіссөздер арқылы шешуге міндеттенді.

Ядролық конфронтация қаупі

Үндістан мен Пәкістан осы жылдар ішінде өз әскерлері мен ядролық арсеналдарын құрды. 1974 жылы бірінші болып Үндістан атомдық сынақ жасап, сол тәжірибені 1998 жылы тағы да қайталады. Бірнеше аптадан кейін Пәкістан да ядролық қару сынады. Содан бері тараптар бір-бірінен басым түсу үшін жүздеген ядролық оқтұмсықпен, зымыран жеткізу жүйелерімен, жетілдірілген жойғыш ұшақтармен және өзге де заманауи арсеналмен қаруланған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу