Екібастұзда металлургиялық кластер құрылады

605

Кластер құрамындағы үш кәсіпорын толық іске қосылған кезде 2 700 жаңа жұмыс орны ашылады. Оның 826-сы ферроқорытпа өндіретін кәсіпорында құрылмақ деп жазады inbusiness.kz.

Екібастұзда металлургиялық кластер құрылады

Елімізде алғаш рет бір алаңда ферроқорытпа өндіретін кәсіпорын, болат балқытатын кешен және темір шығаратын DRI фабрикасы сияқты 3 жоғары технологиялық нысан салынады. Металлургиялық кластер құру жобасын отандық "Mineral Product" ЖШС оңтүстіккореялық технологиялық серіктеспен бірлесіп жүзеге асырады.

Ауқымды жобаны іске асыру туралы уағдаластыққа Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы тамыз айында Корея Республикасына жасаған сапары аясында қол жеткізілген болатын. Оның нәтижесінде "Mineral Product" ЖШС мен оңтүстіккореялық SAC Co инжинирингтік компаниясы ферроқорытпа өндіретін зауыт құрылысын салу туралы өзара Келісімге қол қойды.

Жобаның тұжырымдамасы таныстыруда болашақ ферроқорытпа шығаратын кәсіпорынның іргетасына капсула салынды. Сондай-ақ металлургиялық кластерлік жобаларды бірлесіп жүзеге асыру туралы Hyundai Rotem және POSCO International компаниялары арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Жылына қуаттылығы 160 мың тонна өнім шығаратын ферроқорытпа өндіретін зауыттың құрылысы мен оны іске қосуға 360 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция салынған. Жобаның технологиялық артықшылығы – кең көлемдегі және премиум сегментті ферроқорытпа өнімдерін шығаруы. Зауыт өнімі алғашында экспортқа бағытталсмақ. Кейіннен барып ішкі нарықты қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Ал болат қорытатын кешен және DRI фаврикасының құрылысы мен оларды іске қосуға 1,5 млрд доллар көлемінде қаржы жұмсалады. Аталған жобалар жүзеге асқан жағдайда жылына 3 млн тонна кең көлемдегі болат өнімдерін шығару жоспарланып отыр.

"Қазақстанның ішкі нарығында металлургиялық өнімдерге деген жоғары сұраныс, елдегі металлургиялық саланы дамытудың мол мүмкіндігі және мемлекет тарапынан инвесторларға жасалатын қолдау мен инвестициялық ахуалдың оң болуы арқасында аталған жобаны іске асыруға мүдделіміз. Павлодар облысында қажетті шикізат пен ресурстар қоры жеткілікті. Атап айтқанда, өңірде электр энергиясы, темір рудасы, кварцит, көмір қоры жеткілікті. Сонымен қатар бұл тарапта білікті мамандар да айрықша рөл атқарады. Біздің кәсіпорындарда қазақстандық мамандардың жұмыс істеуіне басымдық беріп отырмыз. Бұған себеп те жоқ емес. Қазақстандағы металлургиялық салада білімді, тәжірибелі кадрлар жеткілікті", – дейді компанияның акционері Сергей Кан.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу