Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалып, еліміздегі 90 қала мен 7,5 миллион тұрғыны бар 6 087 ауыл ауыз сумен 100% толық қамтамасыз етіліп отыр. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мемлекет басшысының 2025 жылдың соңына дейін халықты толығымен ауыз сумен қамтамасыз ету" жөніндегі тапсырмасына сәйкес, сумен жабдықтау инфрақұрылымын дамыту бойынша кешенді жұмыс жүргізілді. Осы жылдар аралығында бюджеттен шамамен 835 миллиард теңге, оның ішінде арнай мемлекеттік қордан – 132 миллиард теңге бөлініп, 1,6 мыңнан астам жоба іске асырылды. Яғни Үкімет тарапынан қаржыландыру мәселесі толығымен шешілді", – деді Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде 34 қала мен 756 ауыл орталық су жүйесімен қамтылды. Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен 699 ауылда кешенді блок-модульдер орнатылды.
Қуандық Қажкеновтің сөзінше, 2021 жылы ауыл халқының 90 пайызы және қала халқының 97,5 пайызы сумен жабдықтау қызметтеріне қол жеткізген болатын.
"Жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, Мемлекет Басшысының тапсырмасы толық орындалып, еліміздегі 90 қала мен 7,5 миллион тұрғыны бар 6 087 ауыл ауыз сумен 100% толық қамтамасыз етіліп отыр. Оның ішінде: 4747-сі орталық су жүйесімен қамтылған; 1340 ауыл орталықтандырылмаған су жүйесімен қамтылған, соның ішінде: 1 102 ауыл суды тазарту блок-модульдері арқылы қамтамасыз етілген. 219 халқы аз елді мекенде сумен жабдықтау ұңғымалар есебінен жүзеге асырылады. 19 елді мекенде шалғай орналасуына және су көздерінің болмауына байланысты ауыз су тасымалдау арқылы жеткізіледі. Аталған елді мекендерде орта есеппен 70 адамнан тұрады", – деді вице-министр.
Оның айтуынша, әртүрлі сумен жабдықтау тәсілдері тек қолжетімділікті қамтамасыз етіп қана қоймай, қаржылық шығындарды тиімді пайдалануға мүмкіндік берді.
Айта кету керек, бұған дейін кәріз тазарту құрылыстарының дені 50 жылдан астам уақыт бұрын салынғанын жазғанбыз.