Елімізде арнайы Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры құрылмақ

336

Қор жыл соңына дейін құрылады деп жоспарланып отыр.

Елімізде арнайы Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры құрылмақ Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өндірістің өсуі 4%-дан асты. Негізгі капиталға салынған инвестиция шамамен 810 млрд теңгені құрады. Өңдеу саласында ең жоғары үлес металлургия өнеркәсібіне, машина жасау және азық-түлік өндірісіне тиесілі болып отыр. Индустрияландыру картасы аясында биыл тамақ өнеркәсібінде, құрылыс индустриясында, машина жасауда, металлургияда және басқа салаларда 170 жобаны іске қосу жоспарланған", - деді Үкімет басшысы.

Оның айтуынша, бұл 12,5 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

"Президент тапсырмасына сәйкес бірқатар басым бағыттарда жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластерлерді құру бойынша ірі жобалардың тізбесі дайындалуда. Атап айтқанда, мұнай, газ және көмір химиясында, металды терең өңдеу, уран өнеркәсібі, машина жасау, автокомпоненттер, тыңайтқыштар өндірісі және басқа салаларда осындай кластерлер құру көзделіп отыр. Мұнда ішкі ресурстарды барынша пайдалануға және оффтейк-келісімшарттардың әлеуетін іске қосуға басымдық берілетін болады", - деп толықтырды ол.

Әлихан Смайылов бутадиен және полиэтилен өндіру жобалары іске асыру сатысында екенін атап өтті.

Халықаралық мұнай-газ машинасын жасауды дамыту орталығы әлемдік компаниялардың өндірістерін локализациялау және технологиялар трансферті бойынша тиімді жұмыс жүргізуде, деп жалғастырды Премьер-Министр.

"Қорғаныс-өнеркәсіп кешені бойынша да жоғары локализация үлесі және заманауи технологиялардың трансферті қамтамасыз етіледі. Отандық кәсіпорындарды қолдау үшін жыл соңына дейін арнайы Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры құрылатын болады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша машина жасау саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы дайындалуда", - деді Әлихан Смайылов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу