Инвестициялық субсидияны қайтару ұсынылды

758

Мәжілісте "Өнеркәсіптік саясат туралы" заң жобасы талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Инвестициялық субсидияны қайтару ұсынылды

Заң жобасын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әзірлеген. Құжат өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру бойынша жаңа тәсілдер енгізуді көздейді.

"Құжатта өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары шеңберінде мынадай тәсілдер ензігу ұсынылады: орта және жоғары салаларға назар аудару, оның аясында қосылған құны жоғары тауарларының басымдығына мән беріледі, бәсекеге қабілеттілікті арттыру туралы келісімі арқылы ынталандыру шараларының пакетін алу мүмкіндігі, өнеркәсіптік грантты, аумақтық кластерлерді дамытуды және экспорттық-саудалық қаржыландыруды қамтитын ынталандырудың жаңа құралдары. Ынталандыру шараларын алатын кәсіпорындар белгілі бір экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша міндеттеме алады", - деді Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Аманияз Ержанов Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде.

"Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Арман Мәмбетаев талқыға салынған заң жобасының басым бөлігі өнеркәсіп саласындағы құжаттарды бір жүйеге келтіруді көздейтінін, әрі ағымдағы қолдау шараларын біріктіретінін жеткізді.

"Біз ИИДМБ, Кәсіпкерлік кодекс және өзге де нормативтік-құқықтық актілер шеңберінде болған ағымдағы қолдау шараларының нәтижесін көріп отырмыз. Ендігі мақсат – 2025 жылға дейін өңдеу өнеркәсібін 1,5 есеге арттыру.  Жалпы өнеркәсіпке қолдау шаралары оң нәтиже береді, бірақ олардың көмегімен ғана жоғарыдағы көрсеткішке жете алмаймыз. Осыған байланысты қолданыстағы қолдау шаралары бойынша жұмыс жүргізуді ұсынамыз", - деді төраға орынбасары. 

Ол операторларды біріктіру және қолдау шараларын ұсыну рәсімдерін жеңілдету керек деген пікірде.

"Өкінішке қарай, елімізде жыл сайын операторлар санының өсу үрдісі байқалады. Мысалы, бір ай бұрын бізге операторлар санын 4-тен 5-ке дейін өсіру керегі туралы Үкіметтің Қаулысы келді. Бұл оператордың қосымша операциялық шығынын, жергілікті жерлерде тиісті нормативтік актілерде белгіленетін қосымша жаңа ережелерді енгізу керегін туғызады. Оны біз түсінеміз. Бизнез аталған жаңа рәсімдерден өтуі керек. Біз тек экспортты ілгерілету туралы ғана айтып отырмыз", - деді Арман Мәмбетаев.

Оның айтуынша, мұнда өндірушілерге бағытталған: шығындарды өтеу, өңделген өнімді жылжыту сынды басқа да қолдау шаралары барын ескеру керек.

"Әрбір қолдау шарасы – бұл қосымша шығын. Осыған байланысты біз экспортты ілгерілету жөніндегі бірыңғай операторды құру жөніндегі бастаманы толық қолдаймыз", - деді "Атамекен" ҰКП өкілі.

Сонымен қатар төраға орынбасары өнеркәсіпті дамыту қорының кепілдік саясатына қатысты ұстанымды қайта қарау керегін атап өтті.

"Олардың мандатын ірі жобаларға ғана емес, сондай-ақ мемлекет үшін қажетті жекелеген орта жобаларға да кеңейту керек", - деді 
Арман Мәмбетаев.

Сондай-ақ ол елімізде инвестициялық субсидия енгізуді ұсынды.

"Мысалы, ауыл шаруашылығында инвестициялық субсидия енгізу керек. Яғни жылыжайларды салғанда, ауылшаруашылық техникасын сатып алған кезде оны алуға болады. Сондай-ақ тыңайтқыштар,  тұқым сатып алуда жеке субсидия қажет. Біріншіден, бұл шара кәсіпкерлікке жүктеме түсірмей, қаржыландырудың бірінші бөлігіне оң әсерін тигізеді. Екіншіден, тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін өнімнің өзіндік құнын төмендету", - деп түйіндеді сөзін "Атамекен" ҰКП басқарма төрағасының орынбасары.

Дәурен Ерболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу