Елімізде сотқа дейін қамауға алынғандардың саны жоғары болып тұр

Мұндай ақпаратты Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиев айтып отыр.  

Елімізде сотқа дейін қамауға алынғандардың саны жоғары болып тұр Фото: aikyn.kz

Негізінен, Қазақстанда соттар қамауға алудың балама бұлтартпау шараларын кеңінен қолдануды бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Бұл тақырып елордада өткен "Жүргізілген сот реформасының өзекті мәселелері" атты жиында сөз болды. 

– Халықаралық стандарттарға сәйкес, сотты күтіп тұрған адамдарды қамауға алу жалпы ереже болмауы керек. Қылмыстық-процестік кодексте қамауға алудан гөрі қатаңырақ бұлтартпау шарасын таңдау көзделген. Дегенмен, елімізде сотқа дейін қамауға алынғандардың саны жоғары болып қалуда – жыл сайын шамамен 11 мың адам. Олардың үштен екісі ғана нақты бас бостандығынан айыруға сотталады, – деді Асламбек Мерғалиев.

Жоғарғы сот төрағасы бірқатар статистикалық деректерден мысал келтірді. 

– Қолданылған бұлтартпау шараларын соттың санкциясымен салыстыратын болсақ, қамауға алу үлесі - 95, үйқамаққа алу - 4, кепілдік одан да төмен – 1 пайыз. Өткен жылы тергеу органдары 639 адамға үйқамаққа алу, 34 күдіктіге кепілдік беру туралы өтінішхат білдірсе, соттар қамауда ұстауға санкция беруден бас тарта отырып, тиісінше 2 786 және 283 адамға үйқамақ және 283 адамға кепілдік беруді өз бетінше таңдаған, – деді ол.

Асламбек Мерғалиевтің сөзінше, Жоғарғы соттың бастамасымен жүзеге асқан электронды бақылау құралдарын қолдануды кеңейту жобасы өз жемісін беріп келеді. Яғни, электронды білезіктерді қолданғандар саны бірден 14 есеге жуық (68-ден 954-ке дейін) өскен. 

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Жоғарғы сот электронды бақылау құралдарын қолдану практикасын кеңейту жөнінде ұсыныстар дайындады. Пробациялық бақылаудағы сотталғандарға қатысты тиісті технологиялар белсенді қолданылады. Қылмыстық атқару жүйесінде сотталғанды 2 метрге дейінгі дәлдікпен тұрақты бақылауға мүмкіндік беретін 2,5 мың жинақ бар, – деп сөзін қорытындылады спикер. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу