Құжат қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА порталында орналастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Министрлік бағаны көтеру қажеттігін тұтынудың өсіп жатқанын және тапшылық қаупін алға тартып отыр.
"Қазақстан халқын газдандырудың жалғасуы, энергетикалық және өнеркәсіптік нысандардың қосылуы тауарлық газды ішкі тұтынуға деген сұранысты арттырады. Тауарлық газдың белгіленген шекті көтерме бағасы өзіндік құннан төмен болып қалады, бұл оның ел ішінде жеткізілуін тиімсіз етеді және тапшылық қаупін тудырады. Қазіргі бағалар сақталса, газ тапшылығы қаупі 2026 жылдан кейін де аса маңызды болады деген болжам бар", - делінген порталда.
Осыған байланысты министрлік жыл сайын тауарлық газдың шекті көтерме бағасын көтеруді ұсынып отыр. Өсім өңірге байланысты 33%-ға дейін жетуі мүмкін және үш жылға созылады.
Осылайша, максималды өсім 99% болуы мүмкін. Ең жоғары көтерме бағаның өсуі соңғы тұтынушылар үшін газ құнының салыстырмалы мөлшерге автоматты түрде өсуін білдірмейді.
Энергетика министрлігінің болжамы бойынша, 2028 жылға қарай Қазақстанда газ тұтыну 1,5 есе, яғни 21,2 млрд текше метрден 32,4 млрд текше метрге дейін артады.
"Қойылатын максималды баға жаңа газ өңдеу зауыттарын салуға, қолданыстағы газ құбырларын жаңғыртуға және жаңа кен орындарын игеруге мүмкіндіктер ашады. Біртіндеп түзету өңірлер арасындағы көтерме бағалардағы елеулі диспропорцияларды жоюға көмектеседі, бұл бірыңғай газ нарығы жағдайында ерекше маңызды", - делінген жобада.
Өткен жылға дейін газдың көтерме бағасының жыл сайынғы рұқсат етілген ең жоғары өсімі 15%-ды құраған. Содан кейін ол 20%-ға дейін көтерілді.