Еліміздің күре жолдарында орташа жылдамдық енгізілетін болады

721

Ішкі істер министрлігі тиісті заң жобасын әзірлеуді жоспарлап отыр.  

Еліміздің күре жолдарында орташа жылдамдық енгізілетін болады Фото: ortcom.kz

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха елді мекендерді жалғап жатқан күре жолдарда қандай да бір жылдамдық реттеушісі жоқ екенін, министрлік жаңа заңға бастамашылық жасауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz.

"Қала көшелерінде жылдамдық режимі реттелген: бейнекамералар орнатылған, құқықтық шешімдер бар. Алайда, қала сыртындағы трассаларда проблема көп. Елді мекендердің қашық орналасуынан кейде тіпті электр сымы тартылмаған аймақтарға жылдамдық өлшеуішті орната алмайсың. Сондықтан, қала сыртындағы трассалардың учаскелеріне орташа жылдамдықты қолдануды ұсынып отырмыз. Мысалы, Астананың Қарағандыға шығар жолында арка орнатылады, келесі арка Теміртауға кіре берісте. Шартты түрде онда 140 км/сағ жылдамдыққа рұқсат беріледі. Бір аркадан екінші аркаға дейін көлік шартты түрде бір жарым сағатта жетуі тиіс. Егер ол көлік бір сағаттың ішінде осы аралықты жүріп өтсе, онда ол жылдамдық режимін бұзған деген сөз", деді Игорь Лепеха.

Оның айтуынша, бұл мәселе депутаттармен талқыланған және белгілі бір деңгейде қолдау тапқан. Әзірге мәселе тек талқылау сатысында.

"ІІМ бұл шешімнің қабылдануын дұрыс деп санайды және ол қала сыртындағы жолдардағы апатты жағдайларға оң әсер етер еді. Бұл мәселені депутаттармен тағы да талқылайтын боламыз",  деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу