Бұл туралы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Мәжілісте өткен парламенттік тыңдауда айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Елордада негізгі салаларда озық технологиялар белсенді түрде енгізіліп келеді.
"Көлік саласында машинистің қатысуынсыз пойыздардың қозғалысын толықтай автоматты басқаруды көздейтін GoA-4 ең жоғары автоматтандыру деңгейіндегі LRT басқару жүйесі қалыптастырылуда. Сондай-ақ көлік ағындарын модельдеу және болжау үшін машиналық оқытуды пайдаланатын Aimsun жүйесі енгізілуде. Бұл кептелістердің алдын алуға және жол қозғалысын цифрлық үлгі негізінде оңтайландыруға мүмкіндік береді", – деді Жеңіс Қасымбек.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында жасанды интеллект модульдері өтініштерді нақты уақыт режимінде талдайды.
"GPS-мониторинг пен фотофиксациясы бар қоқыс шығару жүйесіне интеллектуалды бақылау енгізілді, соның нәтижесінде бір жыл ішінде шағымдар саны 100 есе қысқарып, рұқсат етілмеген қоқыс орындарына бақылау жүйесі автоматтандырылады", – деді қала әкімі.
Айта кету керек, бұған дейін Жеңіс Қасымбек LRT-ның алғашқы пойызы қашан іске қосылатынын айтқанын жазғанбыз.