Енді блогерлердің құмар ойын түрлерін жарнамалауына тыйым салынады

176

Депутаттар елімізде құмар ойынына шырмалғандар саны артқан деп дабыл қақты. 

Енді блогерлердің құмар ойын түрлерін жарнамалауына тыйым салынады Фото: freepik

Мәжіліс кейбір заңнамалық актілерге ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы және оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Заң аясында бірқатар шара іске асырылмақ. 

"Біріншіден, заңда максималды түрде букмекерлік кеңселер мен казинолардың жарнамасын шектеу қарастырылған. Онда үйлердің қасбеттерінде, фасадтарында, ғимараттарда, құрылыстардың қоршауларында, көлік құралдарында сыртқы жарнамаға тыйым салынады. Интернет ресурстарында, ресми сайттарда, телеарналар мен радиода, мерзімді баспа басылымдарында, кино беттерінде, мобильді операторлардың  смс хаттамаларына да жарнамаға толық тыйым салынады. Енді белгілі блогерлер мен әлеуметтік желідегі танымал тұлғаларға мұндай ойын түрлерін жарнамалауға тыйым салынады", - деді депутат Елнұр Бейсенбаев.

Оның сөзінше, жарнама тек спорттық объектілер, спорттық бағыттағы сайттар, телеарналар мен спорттық іс-шараларда ғана рұқсат етіледі.

"Екінші. Ойында бәс тігу жасы 21 жастан 25 жасқа дейін көтеріледі. Үшіншіден, өтелмеген алименттік және несиелік қарызы бар азаматтардың құмар ойынға бәс тігу мүмкіндігі шектеледі. Яғни борышкерлердің бірыңғай реестрінде мәліметтері бар жеке тұлғаларды құмар ойындарға және бәс тігуге жіберуге тыйым салу белгіленеді", - деп атап өтті спикер.

Мәжіліс депутаты ойнау жасына келмеген азаматтардың құмар ойындарына және бәс тігуге қатысуы шектелетінін жеткізді. 

"Оларға заңсыз ойын ойнауға мүмкіндік берген заңды тұлғаларға қомақты көлемде айыппұл салынады және қайталанатын жағдайда лицензиялары тоқтатыла тұрады", - деп түсіндірді ол.

Айта кету керек, осыған дейін әрбір бесінші қазақстандық құмар ойын ойнайтынын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу