Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттың қойған сұрағына жауап бере алмаған Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабековті сынға алды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Қарастырылып отырған келісімнің 4 және 5 тармақтарында верификациялаушы органның тексеру жүргізу құқығы, сондай-ақ өндірушілердің, сатушылардың және тауар жөнелтушілердің сұратылған ақпаратты ұсыну және тексеруге жәрдемдесу міндеті тікелей көзделген. Сонымен қатар келісімнің 6 және 8 тармақтарында тексеру нәтижелері сертификатты жою, немесе шығу тегі туралы декларацияны жарамсыз деп тану деген сияқты салалармен ғана шектеледі. Осыған байланысты сұрақ. Верификациялаушы органның талаптары бойынша құжаттарды немесе ақпаратты ұсынбаған, не тексеруге жәрдемдеспеген жағдайларда қандай да бір жауапкершілік көзделген бе? Егер көзделсе, ол ұлттық заңнаманың қандай нормалары негізінде қолданылатын болады?", – деп сұрады депутат Ерболат Саурықов.
Сауда және интеграция вице-министрі бұл сауалға күрсінді.
"Бұл сұраққа да мүмкін болса жазбаша түрде жауап берейік", – деп қысқа қайырды Айдар Әбілдабеков.
Өз кезегінде Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов шенеунікке ескерту жасады.
"Айдар Ахметбекұлы, министр қазір шетелде іссапарда жүр. Сіз министрдің міндетін атқарушысыз. Сондықтан бұл жерде депутаттардың қойып жатқан сауалдары заң жобасының аясында ғана. Енді бұл сіздердің күнделікті істеп жүрген жұмыстарыңыз ғой. Оған қалай жауап бере алмайсыз? Сіз "мен бұл мәселенің куратор емеспін" дейсіз. Бұл жерге келген министрліктің өкілі барлық сұраққа жауап беруге дайын болуы керек. Әйтпесе, бұл жерге келіп қажеті жоқ. Басқа вице-министр келуі керек еді. Дайындалып келу керек. Сіздің күрсінісіңізді біз жауап деп қабылдай алмаймыз. Әрбір сұраққа күрсінесіз", – деді Ерлан Қошанов.
Айта кету керек, бұған дейін депутат сәбіз экспортына шектеу қою туралы ұсынысты сынға алғанын жазғанбыз.