Ерлан Қошанов: Жаңа Конституция – Қазақстанның жаңа дәуірінің бастауы

117

Жалпыхалықтық референдум мемлекет тарихының жаңа парағын ашты.

Ерлан Қошанов: Жаңа Конституция – Қазақстанның жаңа дәуірінің бастауы Фото: Аманат партиясы

Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов "Egemen Qazaqstan" газетіне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

"Жалпыхалықтық референдум мемлекет тарихының жаңа парағын ашты. Бұл – ел дамуы жолындағы маңызды белес әрі тарихи оқиға. Мен мұны нық сеніммен айта аламын. Қазақстандықтардың басым көпшілігі қолдау білдіріп, қабылдаған жаңа Конституцияны – Заманауи, Әділетті, Қуатты Қазақстанның жаңа дәуірінің бастауы деп атағанымыз әбден орынды болар еді.

Осы референдумда халқымыз Мемлекет басшысының бағытын қолдай-тынын және елімізде жүргізіліп жатқан ауқымды реформаларға толық сенім білдіретінін тағы бір мәрте көрсетті. Бұл түсінікті де, қоғам оң өзгерістердің қарқыны мен нақты нәтижесін сезіп, біліп отыр. Сондықтан бұл референдумның басты жеңісі халықтың мызғымас сенімі дер едім. Ал сенім бар жерде мақсаттар да орындалады, қиындықтар да еңсеріледі, ауқымды жоспарлар да жүзеге асады", – деді Мәжіліс спикері.  

Ерлан Қошановтың айтуынша, жаңа Конституцияда халық зор ықыласпен қабылдаған қағидалар мен құндылықтар өте көп.

"Конституцияның преамбуласы ерекше назар аудартқанын өзіңіз де білесіз. Бұл заңды да. Өйткені дәл осы бөлімде Ата заңға ерекше рух пен терең мән берген құндылықтар қамтылды. Біз бүкіл әлемге алғаш рет еліміздің мыңдаған жылдық тарихы бар мемлекет екенін, оның бастауы сақ, ғұн мемлекеттері, Түркі қағанаты кезінен Жошы ұлысы мен Алтын орда дәуіріне дейін жалғасқанын преамбула арқылы айттық. Бұл идея сабақтастық пен ұлттық мақтаныштың маңызды рәмізі ретінде, халықтың, әсіресе зиялы қауым өкілдері тарапынан кең қолдау тапты. Сонымен қатар бұл жас ұрпақ тәрбиесіне де оң әсерін тигізеді, олардың мәдени кодын және ұлттық бірегейлігін нығайтады, жастарды ұлтымыздың бірлігіне нұқсан келтіруі мүмкін жат ұстанымдардан қорғайды", – деді ол.

Қоғам оң қабылдаған тағы бір маңызды тұс – Конституцияның адамға бағдарлануы, деп атап өтті Мәжіліс спикері.

"Жеке адам мемлекеттің назарынан тыс қалмайды. Оның жайлы тұрмысы мемлекеттік саясаттың өзегіне, қабылданатын барлық шешімнің тиімділігін айқындайтын басты өлшемге айналады.

Бұдан бөлек, мемлекеттік саясатта адам капиталын дамыту мен ғылым-білімге ерекше мән беріледі. Мұндағы түбегейлі жаңалық – бұрын білім беру саласындағы көптеген мәселе салалық заңдармен реттелсе, енді ғылым мен білімнің стратегиялық маңызы Конституция деңгейінде бекітілді. Ал бұл дегеніміз – білімге инвестиция салу, зерттеушілерді қолдау, академиялық еркіндік уақытша саясат емес, мемлекеттің ұзақмерзімді конституциялық міндеттемесіне айналады.

Ел бойынша қолдау тапқан тағы бір норма отбасы институтына қатысты. Яғни "Неке – ер мен әйелдің заңға сәйкес мемлекет тіркеген ерікті және тең құқықты одағы". Бұл новелла – отбасы институтын қорғаудағы ең қуатты тетік. Оның дұрыстығы мен уақтылы қабылданғанын бәрі мақұлдады", – деді Ерлан Қошанов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу