Есту және сөйлеу қабілеті бұзылған студенттерге ЖОО-ларда жағдай жасалған ба?

315

Биыл Оқу-ағарту министрлігінде инклюзия бойынша арнайы департамент ашылады.

Есту және сөйлеу қабілеті бұзылған студенттерге ЖОО-ларда жағдай жасалған ба? Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz. 

Парламенттік комиссия отырысында ерекше білім беруді қажет ететін балалар мен студенттердің мәселесі сөз болды. Сенат депутаты Ләззат Қалтаеваның сөзінше,  республика бойынша тірек-қимыл аппараты бұзылған 271 студент бар. Көзі нашар көретіндер саны – 250, есту қабілеті бұзылған – 12, сөйлеу қабілеті бұзылған 15 студент білім алады, деп жалғастырды ол. 

"Есту және сөйлеу қабілеті бұзылған студенттерге жеткілікті көңіл бөліп жүрміз бе? Есту және сөйлеу қабілеті бұзылған мектеп түлектері жоғары оқу орындарында білім алуға қаншалықты дайын?", - деп сұрады сенатор.

Жоғары білім министрі Саясат Нұрбек былтыр мүмкіндігі шектеулі абитуриенттердің мәселесін талдай келе, оларға жеке жағдайлар жасалмағанын анықтағанын жеткізді.

"Сол себептен биылдан бастап олардың ҰБТ тапсыру уақытын 40 минутқа арттырып, екіншіден бұл абитуриенттерге арнайы көмекшіні бөлдік. Өкінішке қарай, штат құрамында арнайы маманданған мұғалімдері бар ЖОО үлесі 48 пайызды құрайды. Осы тұста бағдарламалардың мазмұны мен техникалық тұрғыдан қамтылуына тоқталу керек. Арнайы оқытылған мұғалімдерден бөлек, оқулықтар, зертханалық жабдықтар да қажет, бұл бағытта әлі жұмыс істеуіміз керек", - деді Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, министрлік инклюзивті білім беруді дамыту бойынша үш жылға арналған жеке бағдарлама әзірлеген.

Ал, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев арнайы департамент ашылатынын айтты.

"Осы жылы министрлікте инклюзия және мамандандырылған мектептер бойынша арнайы департамент ашылады. Бұл қордаланған мәселелерді мемлекеттік деңгейде шешуге бағытталған. Жаңа департамент үздіксіз инклюзивті білім берудің ұлттық орталығын ашуды ұсынып отыр", - деп толықтырды Ғани Бейсембаев.

Еске салайық, осыған дейін 7,7 мың балабақшада ерекше білім беруді қажет ететін балалар тәрбиеленіп жатқанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу