Бас прокуратура Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты қылмыстық істі қарау аяқталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Сот аса ірі мөлшерде алаяқтық және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру фактісі бойынша айыпталған Перизат Қайрат және оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты қылмыстық істі қарауды аяқтады. Сотталушы Перизат Қайраттың сұрауымен сот оның айғақтары мен жеке деректерін жариялау бөлігінде сот процесін ішінара жабу туралы шешім қабылдады.
Жасалған қылмыстардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін ескеріп, біз соттан Перизат Қайратқа – 10 жыл, Ғайни Алашбаеваға – 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын және мүліктерін тәркілеуді тағайындауды сұрадық.
Сотта анықталғандай, 2021 жылдың қазанынан 2024 жылдың қарашасына дейін Қайрат пен Алашбаева қайырымдылық шараларын желеу етіп "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоры арқылы мұқтаж балаларға арналған оңалту орталығын салуға 126,7 млн теңге, Палестина халқына гуманитарлық қолдау көрсетуге 566,5 млн теңге және Қазақстандағы ауқымды су тасқынының зардаптарын жоюға 2,8 млрд теңге қаражат жинаған", – делінген ресми ақпаратта.
Жиналған қаражаттың жалпы сомасы 3,5 млрд теңге құраған.
Аталған қаражат мұқтаж жандарға арналды, алайда Қайрат пен Алашбаева ұрланған ақшалай қаражатты қолданыстағы бизнесті сатып алу және су тасқынынан зардап шеккендерге тауарларды жеткізуге жалған мәмілелер жасау жолымен заңдастырды, деп хабарлады құзырлы орган.
Заңдастырылған ақшаға элиталық жылжымайтын мүлік, қымбат көліктер, сәнді заттар сатып алынғаны да айтылды.
"Табысты кәсіпкердің бейнесін қалыптастыру үшін Қайрат Перизат әлеуметтік желілерде Біріккен Араб Әмірліктеріне ет өнімдерін жеткізу бойынша отбасылық бизнес бар екені туралы, сондай-ақ шетелдегі беделді оқу орындарында жоғары білім алғаны жөнінде жалған ақпарат таратқан.
Бұл ақпараттар шындыққа жанаспайды.
Іс материалдарымен Қайрат Перизаттың колледжден шығарылғаны және жоғары білімі жоқ екені нақты анықталған", – деп хабарлады құзырлы орган.
Қайраттың анасы Алашбаеваға берген қылмыстық рөлі ұрланған қаражатты орналастыру үшін өзінің банктік шоттарын беру және Қайраттың қайырымдылық жасаған адамдарды алдауына көмектесуде болды.
"Іс бойынша жәбірленуші ретінде 51 тұлға танылған, 1,5 млрд теңгеге талап арыз берілген, біз соттан оны толық көлемде қанағаттандыруды сұрадық. Бұл қылмыстық іс азаматтардың сеніміне қиянат жасау ауқымы бойынша елдегі ең ірі істердің біріне айналды және қайырымдылықты заңсыз әрекеттерге бүркемелеу ретінде пайдаланатындардың барлығына қатаң ескерту болуы керек", – делінген ресми хабарламада.
Айта кету керек, бұған дейін Перизат Қайрат 10 жылға сотталғанын жазған едік.