Германия өзара виза алуды жеңілдеткісі келеді

390

Қазақстан мен Германия 9 бағытта әріптестік байланысын нығайтып, 8 бірдей жаңа жобаны жүзеге асырады.

Германия өзара виза алуды жеңілдеткісі келеді Фото: akorda.kz

Бұл үшін неміс инвесторлары 411 миллиард теңге қаржы құюға құлықты. Ақпарат Германияның федералды президенті Франк-Вальтер Штайнмайер мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізген келіссөздері барысында айтылды,  деп хабарлайды inbusiness.kz

Германия Президенті елімізге 4 күндік мемлекеттік сапармен келді. Бүгін тараптар Ақордада бас қосып, бірқатар ресми іс-шара өтті. 

"Өзара тиімді қарым-қатынасты нығайту өте маңызды. Сол үшін Президент Штайнмайерге 2 елдің мүддесіне сай келетін бірқатар нақты ұсыныс айттым. Мемлекеттеріміздің экономикасы көп жағдайда бір-бірін толықтырады. Технологияларды шикізатқа алмастыру формуласына негізделген қатынас 2 тарап үшін де нәтижелі болмақ", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақ-неміс инжинеринг институты ашылады

2 ел өзара 9 бірдей құжатқа қол қойды. Тараптар білім саласындағы байланысты нықтап, мамандардың біліктілігін арттыру, бірлескен кәсіпорын ашу, метал өңдеу ісін ілгерілету туралы келісімдер жасасты. Бұл қатарда қазақ-неміс инжинеринг институтын ашу жайы да айтылды. Жаңа институт немістің озық технологиясы мен тәжірибесі негізінде кәсіби мамандар дайындайды. Маңғыстауда ірге тіктейтін жаңа институттың ашылуына Штайнмайер қатысуға ниетті. Ол өңірдегі Швед-герман компаниясының жасыл сутегі өндіретін зауытының сынама бұрғылау жұмыстарын бастау рәсімін де көреді. Осылайша Франк-Вальтер Штайнмайер Маңғыстау облысына сапармен баратын алғашқы еуропалық Президент болмақ.

"Біз дипломатиялық қарым-қатынасымыздың соңғы 30 жылына ғана емес, ынтымақтастығымыздың барлық салада қарқынды дамып келе жатқанына назар аударамыз. Неміс компаниялары Қазақстанға қомақты қаражат құйып келеді және бұл бағыт тек экономикалық саламен шектелмейді", - деді Германияның Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер.

Маңғыстаудағы бірлескен жоба құны  235 миллиард теңге. Өндіріс ошағы 2031 жылы қолданысқа беріледі. Неміс инвесторлары одан бөлек тағы 7 жобаны қаржыландыруға дайын. Сонымен қатар келіссөзде Қазақстан азаматтары үшін виза талаптарын жеңілдету мәселесі де көтерілді. Германия Президенті ара-қатынасты жеңілдетуге мүдделі екендерін атап өтті. Қос тарап та екі жақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге жеткізуді көздейді. Бұл мақсатта күзде Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға арнайы сапармен баруды жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу