Германияда зейнеткерлер арасында кедейшілік деңгейі өсті

314

Германиядағы он зейнеткердің алтауы негізгі жәрдемақы алады.  

Германияда зейнеткерлер арасында кедейшілік деңгейі өсті Фото: DW

Германияда кедейлік бойынша әлеуметтік жәрдемақы алатын зейнеткерлер саны 2022 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 15%-ға өсті, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Федералдық статистика департаментінің мәліметі бойынша, Германияның он зейнеткерінің алтауы негізгі жәрдемақы алады — аталмыш ел тарихында бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Мұндай көмекті табысы тұрмыстық шығындарын өтеуге жетпейтін зейнеткерлер ала алады, делінген Der Spiegel журналы материалында.

Ведомство атап өткендей, 2023 жылдың бірінші тоқсанының соңында 684 мыңға жуық адам негізгі жәрдемақы алды. Осы жылдың басынан бастап мұқтаж қарттардың саны 25 мыңнан астам адамға, соңғы жылы — 90 мың адамға, яғни 15%-ға өсті. Федералды статистика департаментінің мәліметі бойынша, жәрдемақы төленетін зейнеткерлердің шамамен 57%-ы әйелдер.

Зейнеткерлер арасында кедейлер санының өсуіне инфляцияның жоғары қарқынынан бөлек, 2022 жылдың маусымынан бастап әлеуметтік сақтандыру кодексіне сәйкес жеңілдіктерге құқылы Украина босқындары санының күрт артуы себеп болған. Егер 2022 жылдың бірінші тоқсанында олардың саны 20 мың адамнан әрең асса, бір жылдан кейін төлем алуға өтініш берген егде жастағы украиндар саны 74 мыңнан асып жығылады.

"Әр тоқсан сайын кедейлер санына қаланың бір ауданы тұрғындарымен бірдей зейнеткерлер саны қосылады. Сандар сескендіретіні рас және соңғы жылдардағы бұрыс саясаттың салдарын айнадайын көрсетеді", — деп түсіндірді солшыл партияның парламенттік фракциясының жетекшісі Дитмар Бартш.

Саясаткердің айтуынша, мұқтаж зейнеткерлердің үлесі статистика департаменті жариялаған мәліметтерден едәуір асып түседі, өйткені қариялар ұятты көріп, әлеуметтік қамсыздандыру органдарына жүгінбейді.

Сондай-ақ, Федералды статистика басқармасы (Destatis) ұсынған соңғы мәліметтерге сәйкес, маусым айында тұтыну бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,4%-ға өсті, бұл Федералды статистика басқармасының қорытынды деректерінен туындайды. Мамыр айында инфляция 6,1% құрады. Маусым айының қорытындысы бойынша Германияда азық-түлік бағасы 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда орта есеппен 13,7%-ға өсті. Жарық көзі мен отын бағасы 3%-ға қымбаттады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу