Израильдің блокадасы салдарынан туындаған аштық жағдайына байланысты Біріккен Араб Әмірліктері мен Иордания Газа секторына гуманитарлық көмекті әуеден жеткізе бастады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
KAN мемлекеттік телеарнасының мәліметінше, қос елдің әскери ұшақтары Газа қаласына парашютпен сегіз қорап гуманитарлық жүк тастады. Қораптардың төртеуі Ескі қала ауданына, қалғаны Зейтун ықшам ауданына түскен.
Израиль армиясы бұған дейін жұма күнінен бастап шетелдік елдерге Газа секторына әуеден гуманитарлық көмек жеткізуге рұқсат еткенін хабарлаған.
Алайда мұндай жеткізу әдісі қоғам тарапынан сынға ұшырап отыр. Себебі бұрын гуманитарлық жүктің тұрғындардың үстіне құлап, қаза тапқандар болғаны тіркелген. Сондай-ақ кейбір қораптар теңізге құлап кеткен, бұл аштықтан зардап шеккен халықты жағалауға ағылуға мәжбүр еткен.