Марқұмдардың арасында халықаралық БАҚ-тың 5 журналисті бар, деп хабарлады BBC.
Қаза тапқандардың ішінде Reuters агенттігінің операторы Хусам әл-Масри, Associated Press-тің фриланс-журналисті Марьям Дагга, сондай-ақ Al Jazeera тілшісі Мухаммед Саламе, фотограф Муатх Абу Таха және Ахмад Абу Азиз бар.
AP редакциясы 33 жастағы Марьям Дагганың қазасына байланысты ұжымның терең қайғыда екенін жеткізді. Ал NBC телеарнасы бастапқы ақпаратты нақтылап, Муатх Абу Таханың олардың қызметкері болмағанын растады.
Газа азаматтық қорғанысының дерегінше, алғашқы соққыдан кейін бірнеше адам мерт болып, құтқарушылар жеткен сәтте екінші жарылыс болған.
Израиль армиясы (ЦАХАЛ) шабуылды мойындап, журналистер нысанаға алынбағанын, бейбіт тұрғындарға залалды азайтуға тырысқанын мәлімдеді.
Оқиға орнындағы кадрларда дәрігерлер қанға боялған киімдерді көрсетіп жатқан кезде жаңа жарылыс орын алғаны көрінеді. Адамдар қаша бастайды, әйнектер сынған, аурухана ғимаратынан қою түтін көтерілген.
Бұл соққы екі апта бұрынғы қырғыннан кейін болып отыр. Сол кезде Газа қаласындағы "Әш-Шифа" ауруханасы маңында тағы 6 журналист қаза тапқан еді, олардың 4-еуі Al Jazeera қызметкерлері болатын. Израиль солардың бірін ХАМАС мүшесі деп айыптаса да, Журналистердің құқын қорғау комитеті (CPJ) мұны дәлелсіз деп атады.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссарының басқармасы да бұл шабуылды айыптап, оны халықаралық құқықтың өрескел бұзылуы деп мәлімдеді.