Қайрат Әбсаттаров: Жезқазғаным менің мәңгі жүрегімде!

642

Жезқазған қаласын екі жылдай басқарған Қайрат Әбсаттаров әлеуметтік желідегі парақшасында қызметінен кететінін хабарлады.

 Қайрат Әбсаттаров: Жезқазғаным менің мәңгі жүрегімде!

Ол осы жылдары ақты ақ, қараны қара деп айтып, бітісе қайнауға бейімделген бауырмалдық пен қызметтік мүдденің аражігін ажыратуға тырыстым, жөнсіз киліккендерге, бопсалауды әдет қылғандарға, қала қаражатына қол сұғу ниеті барларға қарсы тұрдым дейді.

Айтуынша, қаланың "құлдырау шегіне жеткені соншалық, күйзеліс қарқынын тежеудің өзі де көп күшті қажет еткен". Осы уақыт аралығанда аз жұмыс атқармапты.

"Бірақ “көпжылдық көң бір күнде жібімес”, дегендей, шешілуін тосып тұрған мәселелер әлі де шаш етектен. Олар қомақты қаржыны да, облыс деңгейіндегі жауапты шешімді де, жүйесіздікті реттеуді де қажет етеді", – дейді экс-әкім.

Осы ретте Қайрат Әбсаттаров басшы болып келгенінде шынайы көңілмен қарсы алып, қолдағандарға алғыс айтты.  

"...Құрметті жерлестер, ардақты ағайын, сіздермен қатты бауыр басып, қимастық сезім ұлғайған сәтте алдарыңыздан өтіп, ағаттық жіберген кездерім болса дұрыс түсіністік білдірулеріңізді өтінемін! Сіздерге мың да бір алғыс, мың да бір рахмет! Менімен бірге тізе қосып, қызмет атқарған барлық әріптестеріме алғысым шексіз! Біз біргеміз!... Алдымда ертеден ниет қылған жеке жоспарларым, уақыт еншісінде кезегін күтіп іске асырам деп жүрген жобаларым бар. Қай салада еңбек жасасам да мақсатым анық, көңілім қанық, бар ниетім елімнің келешегіне, туған жерімнің гүлденуіне бар күш-жігерімді сарқып, адал қызмет ету. Қаламыз көркейіп, облысымыз гүлдене берсін деп тілеймін! Туған өңір мүддесі мен үшін әрқашанда қымбат! Жезқазғаным менің мәңгі жүрегімде!", – деп қоштасты Әбсаттаров.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу