Камалжан Надыров коронавирустан жазылғандарды донор болуға шақырды

636

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы өзі де коронавирусқа қарсы антиденеге қан тапсырды.

Камалжан Надыров коронавирустан жазылғандарды донор болуға шақырды

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров коронавирусы бар ауыр науқастарды емдеу үшін қолданылатын плазма тапсырды.

"Коронавирусы бар ауыр науқастарды емдеу үшін қолданылатын плазма тапсырдым. Өздеріңіз білетіндей, мен осы инфекциямен ауырдым және менің плазмам аурудың ауыр түрімен ауыратын пациенттерді емдеуге көмектеседі деп ойлаймын. Жұқтырғандар үшін қолданылатын бұл әдіс тірі вакцинаның әсеріне ие және көпшілікке сауығып кетулеріне көмектеседі. Донор болу – әрбір адамның парызы. Қазіргі уақытта Алматыда 2 мыңнан астам адам коронавирустан жазылды. Мен әрбір ауырып жазылған адамды Covid-19 антиденесіне қан тапсыруға шақырамын, осылайша коронавирустан емделіп жатқан көптеген адамдарға, ең алдымен ауыр жағдайдағы науқасқа көмектесуге болады. Процедура ауыртпалықсыз және қауіпсіз өтеді. Дәл қазіргі жағдайда – вируспен күрес жағдайында барлығымыз бірігуіміз керек. Мемлекет жұқпалы аурумен күресуде үлкен көмек көрсетуде. Біз барлық қиындықтарды лайықты түрде жеңе аламыз деп сенемін", – деді басқарма басшысы. 

Қазақстанда жуырда ғана коронавируспен ауырғандардың антиденелерін алу жұмыстары басталды. Бұл плазма беруге ниетті адамдар Алматы қаласының Республикалық қан орталығында өткізе алады.

Республикалық қан орталығының директоры Дилявер Бекировтың айтуынша, бір ай ішінде 24 адам плазма тапсыруға өтініш білдірген. Алайда тек үшеуі ғана донор болды, себебі оларда COVID-19 антиденелердің жоғары титрі анықталған. 

"Ал Камалжан Надыров барлық белгілер бойынша донор ретінде сәйкес келді, өйткені оның ағзасында антиденелердің жоғары титрі анықталды", – деді Дилявер Бекиров.

Плазмаферез (плазма дайындау) процедурасы барысында бір донордан 600 мл плазма алынады. Науқас үшін 200 мл антидене жеткілікті. Плазманың мұндай көлемін алу ғылыми негізделген болып табылады және донорға ешқандай зиян келтірмейді.

Бұл плазманың әсері пассивті иммундауға негізделген, яғни дайын антиденелер қанға ауыстырылады және осылайша пациенттің вирустарын бейтараптандырады.

"Қазіргі уақытта дәрігерлер қолданатын барлық препараттар – бактерияға қарсы немесе қабынуға қарсы тек жанама сипатқа ие екендігін естеріңізге саламыз. Сондықтан да, емдеудің басқа әдістерін қолдану қажет. Емдеудің бұл әдісін қолдану жай-күйі ауыр науқастардың санын азайтуға көмектеседі деп үміттенеміз",– деді Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы. 

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу