Қаржы министрі Мәди Такиев депутаттардың қан донорларына ақшалай өтемақыны арттыру жөніндегі ұсынысына жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ведомство басшысының хабарлауынша, 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетте ТМККК шеңберінде қан донорларына 0,25 АЕК мөлшерінде ақшалай өтемақыға 809,8 млн теңге көзделген. Атап айтқанда, 2026 жылы – 257,8 млн теңге, 2027 жылы – 274,2 млн теңге, 2028 жыл – 277,8 млн теңге.
"Қан донорларына ақшалай өтемақы мөлшерін ұлғайту және "Құрметті донор" мәртебесін қалпына келтіру республикалық бюджеттен қосымша шығыстар бөлуді талап етеді. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Кодексіне сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органдары донорларға қосымша көтермелеу беру туралы шешім қабылдайды, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары қан мен оның компоненттерінің ерікті өтеусіз донорлығын дамыту жөніндегі шараларды іске асыруды қамтамасыз етеді.
Сонымен бірге, республикалық және жергілікті бюджеттердің шығыстарын оңтайландыру және оларға басымдық беру мақсатында 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін республикалық және жергілікті бюджеттердің шығыстарын жоспарлау кезінде әлеуметтік саладағы жаңа бастамаларға бюджет қаражатын бөлуге мораторий енгізілгендігін атап өтеміз", – делінген жауапта.
Денсаулық сақтау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп қан донорларын көтермелеудің материалдық емес шараларын ұсыну мүмкіндігін қарастыру ұсынылғаны айтылды.
"Қан донорлығын дамыту жөніндегі депутаттардың ұсыныстары ДСМ-нің мүдделі мемлекеттік органдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қарауын талап етеді", – деді Қаржы министрі Мәди Такиев.
Айта кету керек, бұған дейін депутат 20 жыл бойы өзгермеген өтемақыны көтеруді ұсынғанын жазғанбыз.