Күн тәртібінде "Ауыл аманаты" жобасының жүзеге асырылу барысы мен ауылдық елді мекендерге жүргізілген скрининг нәтижелері қаралды.
Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Скрининг 220 ауылдық елді мекенді қамтыды. Жұмыс Ұлттық экономика министрлігі, облыс әкімдіктері және "AMANAT" партиясының бірлесуімен атқарылды.
Негізгі мақсат – болашағы бар инвестициялық жобаларды іріктеу және облыстық маңызы бар аудандар мен қалалардың даму жоспарларын нақтылау.
Аталған жоба аясында жалпы құны 55 млрд теңгеден асатын 6 мыңнан астам жоба қаралды. Жобаларды бағалауда өңірлік даму басымдықтарына ерекше көңіл бөлінген. Қазіргі уақытта ауылдық инвестициялық жобаларды бағалаудың бірыңғай әдістемесі әзірленуде.
Бұл әдістеме инфрақұрылым, демография, жұмыспен қамту және ресурс базасы сияқты негізгі көрсеткіштерге сүйене отырып, жобалардың тиімділігін әділ бағалауға мүмкіндік береді.
Қанат Бозымбаев әдістемені 15 мамырға дейін аяқтап, 15 маусымға дейін облыстық маңызы бар қалалар мен аудандардың бес жылдық даму жоспарларын мәслихаттарда бекітуді тапсырды. Бұл құжаттар әлеуметтік инфрақұрылым мен өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып әзірленуі тиіс.
Сонымен қатар, вице-премьер облыс әкімдіктеріне 25 сәуірге дейін "Ауыл аманаты" жобаларын скрининг нәтижелерімен сәйкестендіруді жүктеді.
Отырыс барысында ауылдық жерлерде шағын өнеркәсіптік аймақтар (ШӨА) құру мәселесі де қаралды. Қазірдің өзінде Түркістан облысында пилоттық жобалар іске қосыла бастады.
Мамыр айының соңына дейін Қостанай, Павлодар, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Түркістан облыстарында 10 пилоттық ШӨА іске қосылуы тиіс.
Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Қонаев қаласының әкімдіктері өз ұсыныстарын таныстырды.
Отырыстың қорытындысы бойынша Ұлттық экономика министрлігіне ауылдық жерлерде микрокредит беру және лизинг ережелерін 10 мамырға дейін бекіту тапсырылды.
Жобалық офис өңірлерге шығып, жергілікті әкімдіктердің жұмыстары мен жобалардың іске асырылуын тікелей тыңдау арқылы жалғастырады.